Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мұғалімдер күніне орай педагогтерді төл мерекемен құттықтап, оларға аймақ дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықова Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейге 34 млн. теңге табысталды.
Мерекеде Сыр елінің үлгілі ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Әсемкүл Жақсылықова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталса, педагогтердің бірқатары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағын, Құрмет грамотасын, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі