Қызылордада жалақы берешегі қордаланған жеке мектептер ісі сотқа жетті

2 635

Фото: Chat GPT көмегеімен жасалдыҚызылорда қаласындағы мұғалімдерге жалақысын бермей созбалаңға салған кейбір жеке мектептердің мәселесі сотқа жетті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов мәлімдегендей, «Аңсар Кәусар» және «Мансап» мектептерінде осындай күрделі мәселе қалыптасқан. 


Облыс әкімінің шешімімен «Мансап» мектебіндегі жұмысшылар өткен жылдың соңында ашылған «Келешек» мектебіне ауыстырылды. Қарызы әлі жеткілікті. «Аңсар-Кәусар» мектебінің 58 жұмысшыға 38 млн теңге жалақы берешегі бар. Бұл – қыркүйек, қазан, қараша айларының толық және желтоқсан айының ішінара жалақысы. Облыс әкімі тарапынан бізге тапсырма берілді. Қызметкерлер шағымданғаннан кейін мектепті мекенжайына барып тексердік. Қазіргі күні іс сотта қаралып жатыр. Сот бірқатар мұғалім мен жұмысшыға жалақы төлеу жөнінде шешім шығарды. Одан әрі жұмыс беруші төлеуге міндетті. Төлемеген жағдайда әр қызметкер жеке-дара сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы, - деді ол. 

Kazinform тілшісі облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторынан жеке білім ордаларында қызметкерлерді ақысын төлеместен еңбек демалысына жіберудің заңдылығын сұрап білді.

Еңбек демалысын да, жалақысын да, еңбекке жарамсыздық жөніндегі қаражатты төлеуге де міндетті. Облыстағы кейбір ірі кәсіпорындар бәсекелестік ортаға жіберген сияқты қаржыны үнемдеу мақсатында санитарлық тазалықшы, көлік жүргізушілері сияқты жұмысшыларды қаржылық мүмкіндігіне қарай аутсорсингке жібереді. Ол қызметкерлерден де «бізге еңбек демалысын бермеді, еңбекке жарамсыздық жағдайында ақымызды төлемеді» дегендей арыз-шағым түсіп жатады. Қайталап айтамын, заң бәріне ортақ, - деді Бектемір Жұмағұлов.