Қызылордада 11 мың орындық жаңа стадион ашылды
Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері жиналды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін маңызды екенін атап өтті.
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан. Сонымен қатар, нысанда дүкендер мен дәмханалар қарастырылған.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта – әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта – ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.
Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.