«Таза Қазақстан»: Облыс әкімі жаңарған саябаққа тал егу шарасына қатысты
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбіліктер мен тал егу шаралары ұйымдастырылды. Ауқымды акцияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен қала тұрғындары белсенді қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Экологиялық акцияның басты шараларының бірі қайта жаңғыртудан өткен Қорқыт ата саябағында өтті. Облыс әкімі тұрғындармен бірге тал егіп, қоғамды қоршаған ортаны қорғауға шақырды.
Айта кету керек, экологиялық шараға 20 мыңға жуық адам қатысып, облыс аумағында 13 мыңнан астам түп ағаш егілді. Бұл жұмыстар барлық аудан мен елді мекендерде ұйымдастырылды. Акция аясында скверлер мен аллеялар, саябақтар мен көшелер, су айдындары мен теміржол бойы, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының айналасы тазартылды.
Қорқыт ата саябағы – жаңа кейіпте
Экологиялық акциямен қатар, тұрғындар жаңарған Қорқыт ата саябағымен де танысты. Бұл орынға 2002 жылы «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына орай арнайы ескерткіш қойылған болатын. Уақыт талабына сай қайта жаңғыртудан өткен саябақ бүгінде заманауи демалыс аймағына айналып отыр.
Абаттандыру жұмыстары жалпы аумағы 38 828 шаршы метр жерді қамтыды. Оның ішінде:
- 1 826 шаршы метрі – құрылыс алаңы,
- 13 430 шаршы метріне – брусчатка төселсе,
- 23 572 шаршы метрі – көгалдандырылды.
Саябақ аумағында заманауи субұрқақтар, балалар мен спорт алаңдары, серуен жолдары, жарық шамдары мен демалыс орындықтары орнатылған. Сондай-ақ, шағын сәулеттік формалар мен автоматтандырылған суару жүйесі де қарастырылған. Бұл жаңғырту жұмыстарынан кейін саябақ қала тұрғындары үшін толыққанды демалыс орнына айналды.
Экологиялық мәдениет – ортақ жауапкершілік
«Таза Қазақстан» акциясы ел азаматтарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоғамда экологиялық сананы қалыптастыруды мақсат етеді. Қызылорда облысы бұл бастамаға ұйымшылдықпен үн қосып, табиғатқа жанашырлық танытты.
Акция аясында түрлі санаттағы азаматтар – ардагерлер, жастар, студенттер, экобелсенділер, кәсіпорын қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері өз үлестерін қосты. Бұл қоғамның экологиялық жауапкершілікке бей-жай қарамайтынын көрсетеді.
Қызылорда облысында экологияны жақсартуға бағытталған бастамалар бұдан әрі де жалғасын таппақ. Жергілікті билік қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруды жүйелі түрде жүргізуді көздеп отыр.