V Ұлттық құрылтай: Қызылордада әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыланды

2 530

Фото: gov.kzОтырысқа ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиынға Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Секция барысында мәдениет пен креативті индустрияны дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері талқыланды. Балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбына ерекше назар аударылды. Осы бағытта креативті индустрияны қолдау қоры аясында анимацияға арналған жеке бағыт қалыптастыру жоспарланған.

«Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда әрі қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұмысы басталғаннан кейін анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін», – деп атап өтті А.Балаева.

Сонымен қатар секция отырысында ұлттық дәстүрді сақтау, «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру мәселелері көтерілді. Кітаптарды аудару және басып шығаруға ұсынылатын шығармаларды іріктейтін арнайы комиссия құру, жас авторлардың еңбектерін кітапханалар қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігі айтылды.

Құрылтай аясында «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» бағыттары бойынша секциялық талқылаулар жалғасуда.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі төрт отырысында маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Заңнаманы жетілдіру мақсатында заңдар қабылданып, кейбір заң жобасына, Президент жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бүгін  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысы өтеді. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен делегат ретінде келген құрылтайдың 110 мүшесі қатысады.  Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары Ұлытау, Түркістан, Атырау және Бурабайда өтті.