СЕКСЕУІЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІНЕ КӨЛЕМДІ ӨТІНІШ ЖОЛДАДЫ

2 663

Фото: © Ашық дереккөзденСоңғы күндері әлеуметтік желіде Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінің тұрғыны, қоғам белсендісі Бахтияр Избасаровтың облыс әкімінің жеке қабылдауына кіріп, елдің мұң-мұқтажын жеткізгісі келетіні туралы жазбасы кеңінен тараған болатын. Бұл – жылдар бойы қордаланған мәселеден шаршаған халықтың үні, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Бахтияр Избасаров облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының атына 12 бөлімнен тұратын көлемді өтініш жолдаған. Ең бастысы бұл құжатта тұрғындар тек талап қойып отырған жоқ. Керісінше, қолдан келгенін жасап, өз қалталарынан қаржы шығарып, көшелерін асфальтқа дайындап қойған. Енді тек билік тарапынан нақты қолдау мен соңғы қадам қажет екенін айтады.

Мәселен, Ақтан батыр көшесі, Мұстафа Шоқай көшесі, Әбділда Тәжібаев көшесі мен балабақшаға баратын жолдардың барлығы тұрғындар мен демеушілердің күшімен құм төселіп, тегістеліп, ГПС төселіп, асфальт салуға толық дайындалған. Бір көшеде 200 метр, бірінде 350 метр, енді бірінде 400 метр жол дайын тұр. Бұл – халықтың бос сөзбен емес, іспен дәлелдеп отырғанының көрінісі. «Бәрін әкімдік жасап берсін» деп қарап отырмаған тұрғындар енді облыс әкімдігінен асфальт мәселесіне қолдау сұрайды.

Өтініште тек жол мәселесі ғана көтерілмеген. Сексеуілдегі жарықтандырудың жайы да халықты алаңдатады. Мұстафа Шоқай мен Жаналиев көшелеріндегі жарық мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Тұрғындардың айтуынша, түрлі уәделер берілгенімен, нақты нәтиже жоқ. Сонымен қатар, теміржолшыларға арнап салынған 52 пәтерлі тұрғын үйдің бүгінде қараусыз қалып, тоналып, қауіпті аймаққа айналғаны айтылған. Бұл – ертеңгі күні қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін мәселе.

Ал орталықтағы бос жатқан жерге саябақ салып, ашаршылық құрбандарына, қуғын-сүргін құрбандарына және Ұлы Отан соғысында қаза болған ата-бабаларға арналған ескерткіш орнату туралы ұсыныс, елдік сана мен тарихи тағылымға деген құрметтің белгісі. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер мектептер мен балабақшалардың іс-шара өткізетін рухани орталығына айналар еді.

Өтініште аты аңызға айналған батыр Талғат Бигелдинов пен Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы көшелердің де мүшкіл жағдайы қозғалған. Батырлардың атындағы көшелерге жаңбырлы күні көлік түгілі адам өте алмайтыны жазылған.

Тағы бір маңызды мәселе, Сексеуілдегі спорт және балалар ойын алаңдарының қазіргі халі. Мемлекет қаржысына және «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен салынған нысандар бүгінде қараусыз қалып, тозып барады. Тұрғындар бұл нысандарды кезінде халыққа көп көмегі тиген азамат Бедер Кәдірбергеннің атына беріп, жүйелі күтім жасауға мүмкіндік қарастыруды ұсынады. Егер де Бедер Кәдірбергеннің атына берілсе онда отбасы өз теңгеріміне алып ойын алаңдарының қалыпты жұмыс жасауына және барлық жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге ниетті екенін жеткізген. 

Сондай-ақ, Қамқор Локомотив ЖШС-не қарасты Сексеуіл локомотив жөндеу депосындағы қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың жағдайы да көтерілген. Бұл – тұтас отбасылардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін мәселе.

Сексеуіл халқы мемлекетке масыл болайын деп отырған жоқ. Олар әкімдікке алақан жайып емес, қолына күрек алып шыққан халық. Өз ақшасына жолын дайындады, демеуші тапты, құм төседі, тегістеді, ГПС төседі. Бірақ халықтың күші асфальтқа жеткенімен, биліктің ықыласына жете алмай тұрғандай. Ең ауыры, жыл сайын қайталанатын уәде. Халықтың шаршағаны да сол. Себебі тұрғындар мәселені айтып қана қоймай, оның шешімінің жартысын өздері жасап қойған. 

Батырлардың аты берілген көшелер батпаққа батып жатса, балалар ойнайтын алаңдар қирап жатса, қараусыз үйлер қылмыс ошағына айналса, бұл жай ғана Сексеуілдің мәселесі емес. Бұл – жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігінің өлшемі.

Бүгінде Сексеуілдіктер тікелей облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлына қарап отыр. Өйткені аудан әкімінен нәтиже көрмеген жұрт соңғы үмітін облысқа байлаған.