Алматы облысында жүк көлігі 3 адамды қағып кетіп, екеуі көз жұмды
Жол көлік оқиғасы Жамбыл ауылында болған. Қайғылы оқиғаның кадрлары әлеуметтік желіде пайда болды. Жазба авторының дерегінше, қайтыс болғандар ер адам мен оның 9 жасар баласы.
"Жергілікті тұрғын, етікші еді. Ол балаларымен бірге өзенге шомылуға бара жатқан болатын. Қызы да сол жерде көз жұмды, ал ұлын итеріп үлгерген. Ұлы тірі", - делінген видеодағы жазбада.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 28 маусым күні сағат 14:50 шамасында Алматы-Нұр-Сұлтан тасжолының бойында болған.
Ведомство дерегінше, "ЗИЛ 431410" жүк көлігінің 45 жастағы жүргізушісі тас жолмен оңтүстік бағытта келе жатып, 30-шақырымда жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан үш жүргіншіні қағып кеткен.
Салдарынан 53 жастағы ер адам мен 9 жасар бала оқиға орнында қайтыс болған. Үш жасар бала ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта жол апаты қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша (абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.