Қызылордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары нәтижелі жүргізілуде
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Жиынға селекторлық байланыс арқылы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Отырыста еліміз бойынша және өңірлердегі нашақорлықтың жай-күйі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігі мен өзекті мәселелері қаралды.
Қызылорда облысындағы жағдай – нақты шаралар, нәтижелі жұмыс
Аймақта нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары кешенді жоспарға сай жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023–2025 жылдарға арналған өңірлік кешенді жоспар аясында облыс әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бірқатар нақты алдын алу іс-шараларын жүзеге асырды.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында облыс аумағында есірткіге қатысты 237 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл – құқық қорғау құрылымдарының тұрақты қадағалауы мен профилактикалық шаралардың нақты нәтижесі.
Материалдық база нығайды, бақылау күшейді
Құқық қорғау органдарының техникалық мүмкіндіктерін арттыру – есірткімен күресте басты құралдардың бірі. Осы мақсатта соңғы үш жылда облыстық бюджеттен 10,7 млрд теңге, ал 2025 жылы – 4,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға заманауи техникалар мен цифрлық бақылау жүйелері сатып алынды.
Барлық аудандарда жедел басқару орталықтары құрылып, 539 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, жасырын есірткі саудасына тосқауыл қоюда үлкен рөл атқаруда.
«Қарасора-2025» және «Киберқадағалау» – тиімді акциялар
Есірткі айналымына қарсы күресте арнайы профилактикалық акциялардың маңызы зор.
«Қарасора-2025» аясында биыл 58 есірткі өсіру фактісі анықталса, интернеттегі есірткі жарнамасына қарсы «Киберқадағалау» арқылы 1120 сайттың қызметі тоқтатылды. Қоғамдық орындарда жасырын жарнамаланатын 80-ге жуық граффити жазулары жойылды.
Сондай-ақ, есірткі саудасы күдік тудырған 842 банктік есепшот бұғатталып, 85 млн теңге тәркіленді.
Жастармен жұмыс – басты назарда
Жастарды есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру – профилактиканың маңызды бағыты. Бұл мақсатта 36 әлеуметтік жобаға 312 млн теңге, ал жастар орталықтарының ақпараттық шығындарына 592 млн теңге бағытталды.
Жыл басынан бері өңірде 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 80 мыңнан астам оқушы, студент және ата-ана қамтылды. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде 530 бала мектепішілік бақылауға алынды.
Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 200-ге жуық ақпараттық материал жарияланып, әлеуметтік желілерде бейнероликтер таратылды.
22 мың ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 3 400-ге жуық жас түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға тартылды.
Алдын алу шаралары нақты нәтиже беруде
Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде:
- Нашақорлықпен есепте тұрған азаматтар саны – 39%,
- Диспансерлік есептегілер – 8,6% төмендегені тіркелді.
Бұл көрсеткіштер – облыста нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан кешенді шаралардың тиімділігін айғақтайды.
Облыс әкімінің тапсырмасы: бірлескен іс-қимылды күшейту
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев нашақорлықтың алдын алу жұмыстары тек құқық қорғау саласына ғана емес, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.
Қызылорда облысында нашақорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылған ауқымды жұмыстар – Мемлекет басшысының «Есірткіге қарсы мүлдем төзбеушілік» саясаты аясындағы жүйелі қадамдардың өңірлік көрінісі.
Жастарға дұрыс бағдар беру, құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіптерге тосқауыл қою және материалдық-техникалық базаны жаңғырту – бұл бағыттағы нақты жетістіктердің негізі. Алда да бұл жұмыс үздіксіз жалғасып, қоғам қауіпсіздігі мен ұрпақ болашағы жолында жаңа нәтижелерге қол жеткізілетіні сөзсіз.