ЖАЛАҒАШ АУДАНДЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ БЮСТІ ҚОЙЫЛДЫ

1 507

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ руханияты мен мемлекет басқару саласында өшпес із қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің бюстін орнатуға арналған тағылымды шара өтті. Ұлт руханиятын ұлықтап, тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.

Тағылымды шараға облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағанбетов, аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналған қауым қазақ халқының рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғаның есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті.

Шара барысында музей ғимаратына қойылған Темірбек Жүргеновтің бюсті көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар тарихи тұлғаның өмір жолына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ел тарихында өшпес із қалдырған қайраткердің өнегелі ғұмыры мен ел үшін атқарған еңбегі туралы тағылымды ойлар айтылды.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Темірбек Жүргеновтің қазақ мәдениеті мен ағарту саласындағы тарихи рөліне кеңінен тоқталды.

– «Темірбек Жүргенов – бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Ол ұлтының рухани дамуы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері. Қазақ мәдениеті мен өнерінің қалыптасуына, білім саласының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Жүрегі елім деп соққан ердің аты ешқашан өшпейді. Қазақ халқы барда оның есімі мен өнегелі істері ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Осындай тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы біз жас ұрпақтың бойына елжандылық қасиетті сіңіреміз», – деді Ғ.Сүлейменов.

Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағанбетов те сөз алып, Темірбек Жүргеновтің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол аз ғана ғұмырында халқына өлшеусіз қызмет етіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан қайраткердің еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

«Бүгінгі шара – ұлт тарихына тағзым етудің жарқын көрінісі. Темірбек Жүргенов сынды тарихи тұлғалардың өмір жолы кейінгі буын үшін әрдайым өнеге болуы тиіс. Оның ел үшін атқарған еңбегі, халқына деген адалдығы мен жанашырлығы бүгінгі тәуелсіз ел жастарына үлгі. Осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жүрген азаматтарға алғыс білдіремін», – деді Әмірбек Шаймағанбетов.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев те тарихи тұлғаның тағылымды өмір жолы жөнінде мазмұнды пікір білдірді. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау – рухани тәрбиенің маңызды бөлігі екенін айтты.

«Темірбек Жүргенов – елдің болашағы үшін аянбай еңбек еткен қайраткер. Оның ағартушылық қызметі, мәдениет саласындағы еңбегі бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Осындай тұлғалардың еңбегін жастарға насихаттау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мұнан соң игі шара аудандық Руханият орталығында өткен «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты реквием сағатымен жалғасты. Тағылымды кеш барысында Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, тарихи деректер мен естеліктер айтылды. Қатысушылар қайраткердің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, ұлттық театр өнерінің қалыптасуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Реквием сағатында сөз алған зиялы қауым өкілдері Темірбек Жүргеновтің ұлт үшін сіңірген еңбегі жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті. Олар оның ағартушылық қызметі мен ел болашағына деген жанашырлығының бүгінгі күні де маңызын жоғалтпағанын айтты. Шара барысында жастарға тарихи тұлғаның өмір жолын таныстыру мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметіне қатысты архивтік құжаттар, кітаптар, фотосуреттер мен тарихи материалдар қойылды. Бұл көрме көпшілікке үлкен әсер қалдырып, жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттырды.

Тағылымды кеш барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындап, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті. Сонымен қатар Темірбек Жүргеновке арналған арнау өлеңдер оқылып, тарихи тұлғаның жарқын бейнесі кеңінен дәріптелді. Жиын қорытындысында қатысушылар осындай игі шаралардың ұлттық рухты көтеріп, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызы зор екенін атап өтті. Темірбек Жүргеновтің бюстінің аудандық музейге қойылуы – ұлт тарихына құрметтің және елдік құндылықтарды ұлықтаудың айқын көрінісі екені айтылды. Тағылымы мол шара тарихи тұлғаның рухына тағзым етіп қана қоймай, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттаған маңызды рухани кездесу ретінде көпшілік жадында қалды.