ҚАЗАЛЫДА «ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ - АНА» АТТЫ КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ
Елімізде мамыр айының екінші жексенбісі – Аналар күні ретінде белгіленіп, соңғы жылдары бұл мереке ресми түрде кең көлемде аталып өтіп келеді. Анаға деген құрмет пен ізетті дәріптейтін ерекше күнге орай бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты тағылымы мол кездесу кеші ұйымдастырылды.
Мазмұнды шараға ардақты аналар, алтын құрсақты батыр аналар, түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер, қоғам белсенділері, ардагер ұстаздар мен аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік кештің басты мақсаты – аналардың қоғамдағы рөлін дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау және ұлттық тәрбиенің маңызын кеңінен түсіндіру болды. Кеш барысында ананың мейірімі мен даналығы, отбасы берекесі мен ұлт тәрбиесіндегі орны туралы тағылымды ойлар айтылып, қазақ әйелдерінің тарихи тұлғасы кеңінен насихатталды. Кездесуде аудан әкімі ең алдымен жиналған аналар қауымын Аналар күні мерекесімен және алда келе жатқан Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде ана – ұлттың тірегі, шаңырақтың берекесі, тәрбие мен мейірімнің бастауы екенін ерекше атап өтті.![]()
– «Қазақ халқы қашанда ананы ардақтап, аялап өткен халық. Ана – өмірдің шуағы, отбасының алтын діңгегі, ұлт тәрбиесінің қайнар көзі. Ұлы дала кеңістігінде өздерін кемел көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер, ержүрек батыр ретінде танытқан аналарымыз аз емес. Барша қазақтың ортақ мақтанышы, сұлулық пен ерліктің, ізеттілік пен өрліктің символына айналған Тұмар ханым, Зарина патшайым, Домалақ ана, Құртқа, Айғаным мен Зеренің есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалды. Ел басына күн туған қиын кезеңдерде ерлік көрсеткен Бопай ханым, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батыр қыздарымыздың есімі халық жадында мәңгі сақталады», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан басшысы ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдары мен өнер саңлақтарының есімдерін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазақ әйелдері қай кезеңде де елдің рухани дамуына, мәдениеті мен экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып келеді.
– «Ерен еңбектің үлгісі болған Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Зәкира Ержанова сынды аналардың еңбегі кейінгі буынға өнеге. Сұлулық пен ерліктің символына айналған Бегім ана есімі ғасырлар қойнауынан жеткен аңыз болып қалды. Ал маңдай терімен елге үлгі болған Социалистік Еңбек Ері Көлжан Оразалиева – еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Сондай-ақ Қазалы топырағынан түлеп ұшып, қазақ өнері мен мәдениетін әлемге танытқан Роза Бағланова мен Мәдина Ералиева сынды дара тұлғалардың орны ерекше», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Аудан әкімі өз сөзінде бүгінгі кездесу ұлт тәрбиесін дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдағы аналардың мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды шара екенін айтты. Сонымен бірге барлық аналарға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
Шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары мен сый-сияпаттары табысталды. Бұл – аналардың қоғамдағы еңбегіне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі болды. Мерекелік кеш барысында көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды. Салтанатты рәсімде аудан әкімі марапат иелерін құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін жоғары бағалады. Жиналған қауым да алтын құрсақты аналарды зор қошеметпен қарсы алды. Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, аналар қауымын мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде отбасы құндылығының маңызына тоқталып, қоғамдағы әйелдердің рөлі қашанда жоғары екенін атап өтті.
– «Ана – әрбір отбасының жүрегі, шаңырақтың шуағы. Қазақ қоғамында әйел адамның орны әрдайым ерекше болған. Бүгінгі аналарымыз елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы болып отыр», – деді мәслихат төрағасы.
Мерекелік басқосуда аналар қауымы да өзара пікір алмасып, отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр және қоғамдағы әйелдердің рөлі жөнінде ой бөлісті. Олар қазіргі қоғамдағы тәрбиенің маңызы, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту мәселелеріне тоқталды. Шара барысында аудан өнерпаздары аяулы аналарға арнап әсем әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақ эстрадасының танымал әндері мен аналарға арналған жүрекке жылы туындылар шырқалып, мерекелік кештің сәнін арттырды. Өнерпаздардың ән шашуы жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Тағылымы мол кеш соңында қатысушылар аналарға деген құрмет ешқашан толастамауы тиіс екенін айтып, мұндай рухани шаралардың қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын насихаттап, аналардың еңбегін дәріптеуге бағытталған игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты мазмұнды кездесу кеші аналардың қоғамдағы рөлін айшықтап қана қоймай, ұлттық тәрбиенің маңызын кеңінен насихаттаған, көпшілік көңілінен шыққан тағылымды шара ретінде есте қалды.







