ШИЕЛІДЕ 7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

1 501

ШИЕЛІДЕ 7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Бүгін аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков, ардагерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, зиялы қауым және аудан тұрғындары қатысты.

Жиында аудан әкімі жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылар күні – ел қорғаны болған азаматтардың ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ұлықтайтын ерекше мереке екенін атап өтті.

– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – атамекенін, туған жерін жан-тәнімен сүйген, ел тыныштығын күзеткен азаматтардың мерейлі мерекесі. Отан қорғау – ең жауапты әрі құрметті міндет, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар аудан басшысы Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуын атап өтіп, бұл шешімнің ел үшін маңызды саяси оқиға әрі зор сенімнің көрінісі екенін жеткізді.

Жиналғандар бұл тағайындауды үлкен жауапкершілік пен елдік мүддеге деген сенімнің белгісі ретінде қабылдап, ізгі тілектерін білдірді.

Мерекелік шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Ауған соғысының жауынгерлері, сондай-ақ бітімгерлік миссияларға қатысқан әскери қызметшілердің ерлігі мен еңбегі ерекше ілтипатпен аталып өтті. Жиынға қатысушылар олардың ерлік жолына тағзым етіп, бейбіт өмірдің қадірін ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

Аудан әкімі өз сөзінде Шиелі өңірінің де ел қорғанысын нығайтуға қосып келе жатқан үлесіне тоқталды. Киелі өңірден шыққан Кеңес Одағының Батыры Георгий Ковтунов, генерал-лейтенант Құлахмет Қалменов, генерал Бекзатхан Асқаров, сондай-ақ теміржол саласының генералдары Жақанша Ахметов пен Алтынбек Сейілханов сияқты елге танымал тұлғалардың есімі мақтанышпен аталды.

Бұл есімдер – жас ұрпақ үшін ерлік пен елжандылықтың жарқын үлгісі екені ерекше айтылды.

Биылғы жылы ауданнан 42 азамат әскер қатарына шақырылып, қазіргі таңда 114 жас азамат Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп жатқаны да атап өтілді. Бұл – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жастардың белсенділігін көрсететін маңызды дерек.

Салтанатты шара барысында бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Отан қорғау ісіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, көпшілік тарапынан құрмет көрсетілді.

Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етті. Сахна төрінде орындалған отансүйгіштік рухтағы әндер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.

Шара аясында ұйымдастырылған көріністер мен бейнероликтер арқылы ел қорғаған ерлердің ерлігі, әскери қызметтің маңыздылығы және бейбіт өмірдің құндылығы кеңінен насихатталды.

Бұл кеш – тек мерекелік жиын ғана емес, сонымен қатар ерлік пен батырлықты ұлықтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды рухани-мәдени іс-шара болды.

Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға деген құрметтің айқын көрінісі. Мұндай мерекелер жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі.

@Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі