АЙМАҚ БАСШЫСЫ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесіп, өңірде салынатын инновациялық шығармашылық орталығының құрылыс жұмыстарын талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы компанияның Қызылорда облысындағы ауқымды жұмыстарына, алдағы уақытта да жалғасатын тиімді әріптестік байланыстың бағытына тоқталды.
Кездесуде облыс әкімі газ тапшылығының алдын алу үшін өңдеу қондырғысының қысқа мерзімде іске қосылуы маңызды екенін, бұл жұмыс ерекше бақылауда болуы керектігін қаперге салды. Облыс әкімдігі туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын. Мұнан бөлек, аймақ басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдаудағы «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлесі туралы айтты. Мәселен, «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласының сол жағалауынан Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі.
Өз кезегінде, Асхат Хасенов облыс басшылығына алғысын, әрі қарай әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниетін білдірді.