Қызылордада Президент саябағында қызу жұмыс жүруде
Бүгін аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов Президент саябағындағы абаттандыру және инфрақұрылымдық жұмыстардың барысын тексерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аралауға мердігер мекеменің өкілі қатысып, жобада атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Қазіргі таңда барлық қажетті шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылуда, ал жобаның сапасы мен мерзімге сай орындалуы қатаң бақылауға алынған.
Құрылыс алаңында болған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов мердігерге жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, нысанды уақытында әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен қатар жобамен қатар Сырдария өзені үстінен Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатқаны да айтылды. Бұл көпір қаланың инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, тұрғындардың саябаққа қолжетімділігін арттырады деп жоспарлануда.
Президент саябағын қайта жаңғырту жобасы ауқымды абаттандыру жұмыстарын қамтиды. Жобаның аясында саябақ аумағында жаңа аллеялар, субұрқақтар, балалар ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтары, фудкорттар мен түрлі аттракциондар бой көтереді. Жобаның бас мердігерлері Bi Global ЖШС пен Alem Qurylys AQ ЖШС сәулет пен инфрақұрылымды үйлестіріп, тұрғындарға заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта жасауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда.
Аймақ басшыларының бақылауындағы бұл шаралар қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың демалыс орындарына қолжетімділігін арттыруға, қала келбетін жақсартуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.







