ҚЫЗЫЛОРДАДА «ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ СЕССИЯ ӨТТІ

1 508

ҚЫЗЫЛОРДАДА «ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ СЕССИЯ ӨТТІ

Қызылорда облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы басталды. Екі күнге жоспарланған ауқымды ғылыми жиынның алғашқы күні «Өңірлік дамудың басым бағыттары» тақырыбында ғылыми сессия ұйымдастырылып, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және ғылыми-инновациялық дамуына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Ғылыми сессияға Ұлттық ғылым академиясының басшылығы, еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, салалық сарапшылар, өндіріс және бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар жиынға өңірдегі ғылыми қауымдастық мүшелері, жас зерттеушілер мен сала мамандары да арнайы шақырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін ғылыми шешімдер мен инновациялық технологияларды талқылау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, сондай-ақ ғылыми әлеуетті нақты өндірістік және экологиялық мәселелерді шешуге бағыттау.

Ғылыми сессияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірдің дамуы ғылыммен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда Қызылорда облысында су тапшылығы, экологиялық ахуал, ауыл шаруашылығын әртараптандыру және өндірісті жаңғырту секілді маңызды мәселелер күн тәртібінде тұрғанын айтып, бұл бағыттарда ғылыми қауымдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатудың маңыздылығына тоқталды.

– Ғылым – өңірлік дамудың басты қозғаушы күштерінің бірі. Қазіргі жаһандану кезеңінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді шешу және экономиканы әртараптандыру ісінде ғылыми негізделген тәсілдер аса маңызды. Сондықтан ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы, – деді ол.

Сессия барысында өңірлік дамудың негізгі бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Евгений Шевченко Қазақстандағы ғылымның форсайттық дамуы мен өңірлік форсайт-желілерді қалыптастырудың маңызы туралы баяндама жасады.

Ол ғылыми болжау жүйесінің өңірлік саясатты тиімді жоспарлаудағы рөліне тоқталып, ғылымның өндіріс пен қоғам сұранысына бейімделуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өңірлік экономикаға енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселесін көтерді.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Меруерт Бурибаева жаһандық мәселелерге бағытталған жергілікті шешімдер жөнінде баяндама жасап, өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетіне тоқталды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда университет ғалымдары өңірдің нақты проблемаларын шешуге бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, ақпараттық технологиялар және экология салаларындағы зерттеулердің маңызы зор.

Ғылыми сессия барысында экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылды. Әсіресе Арал өңіріндегі ахуал негізгі талқылау тақырыптарының біріне айналды. «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ ғалымы Михаил Цхай Арал теңізі өңірінің экологиялық дағдарыс аймағы ретіндегі өзекті мәселелерін көтерді.

Ол өңірдегі климаттық өзгерістер, топырақтың тұздануы, шөлейттену және су тапшылығы мәселелерінің халықтың әлеуметтік жағдайына да әсер етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Арал маңындағы экожүйені қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген жобалардың маңыздылығына тоқталды.

Satbayev University ғылыми қызметкері Уәлихан Жантикеев суды тазарту және топырақты биоремедиациялаудың интеграцияланған заманауи технологияларын таныстырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ғалымдар ұсынған бұл жобалар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Сессия барысында агроөнеркәсіп саласына қатысты да маңызды баяндамалар жасалды. Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері Динара Даутканова астықты өнеркәсіптік өңдеудің мультипликативтік әсеріне тоқталып, өңірде қайта өңдеу өндірісін дамыту қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Полимерлік материалдар және технологиялар институты директорының орынбасары Марат Сағындықов пен институттың ғылыми қызметкері Ильяс Гусенов кен орындарын тиімді игеру және су ағындарын басқару бағытындағы инновациялық тәсілдерді ұсынды.

Олар өндірістік инфрақұрылымдарды жаңғырту, су ресурстарын үнемдеу және энергия тиімді технологияларды енгізу мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ЖШС бас директорының орынбасары Талғат Барақбаев Арал-Сырдария бассейнінде тауарлы балық өсіру технологияларын жетілдірудің ғылыми негіздері туралы баяндама жасады.

Ол балық шаруашылығын дамыту өңір экономикасына оң әсер ететінін және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар су айдындарының биологиялық тепе-теңдігін сақтау мәселесіне де назар аударды.

Аграрлық ғылымның басым бағыттары туралы Ы. Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Байманов баяндама жасап, күріш шаруашылығын дамытуға арналған инновациялық жобалармен таныстырды.

Ол су үнемдеу технологияларын енгізу, өнімділігі жоғары сорттарды пайдалану және аграрлық секторды цифрландыру мәселелеріне тоқталды.

Сессия барысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де кеңінен талқыланды. У. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты ғалымы Данияр Сапарғалиев Қызылорда қаласын жер асты сулары арқылы сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, өңірдегі су тапшылығын азайту үшін баламалы су көздерін тиімді пайдалану қажет. Бұл бағытта ғылыми зерттеулер мен гидрогеологиялық жұмыстар жалғасуда.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті департамент директоры Қанат Тастамбек Қызылорда қаласының тұрақты дамуына арналған ғылыми-инновациялық ұсыныстарымен бөлісті.

Ол өңірдің инфрақұрылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, жасыл экономика қағидаттарын қалыптастыру және урбанистикалық жоспарлау бағытындағы жобаларды таныстырды.

Өнеркәсіп саласына қатысты Фирма Балауса ЖШС бас директоры Александр Кузнецов елімізде жаңа технология бойынша ірі ванадий өндірісін құру перспективалары туралы баяндама жасады.

Ал ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз АҚ менеджері Дәурен Қасенов кен орындарын игеру тиімділігін арттырудың ғылыми негізделген тәсілдеріне тоқталды.

Сессия соңында қатысушылар арасында ашық пікірталас ұйымдастырылып, ұсынылған ғылыми жобаларды өңірде іске асыру жолдары талқыланды. Ғалымдар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, инновациялық технологияларды енгізу және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Қатысушылар мұндай ғылыми алаңдар өңірлік мәселелерді кешенді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, Ұлттық ғылым академиясы Президиумының пленарлық отырысы ертең жалғасады. Көшпелі отырыс барысында өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралып, нақты ұсыныстар қабылданады деп жоспарлануда.