Жалағаш ауданында «Алтын дән – 2025» мерекесіне дайындық мәселелері пысықталды
Жалағаш ауданында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен алдағы өтетін «Алтын дән – 2025» дәстүрлі мерекесін ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға ауылдық округ әкімдері, сала басшылары мен мекеме жетекшілері қатысып, мерекелік шараны жоғары деңгейде өткізуге бағытталған негізгі ұйымдастыру тетіктері талқыланды.
Күн тәртібінде мерекелік іс-шаралардың бағдарламасы, аудан диқандарының жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ облыс орталығында және аудан көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен бірге, мереке аясында көрмелер өткізу, еңбек озаттарын марапаттау және мәдени бағдарламаны байыту ұсыныстары ортаға салынды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақтылы орындау қажеттігін атап өтті.
Мереке аясында ауыл еңбеккерлерінің еңбегін кеңінен дәріптеу, озат шаруашылықтарды марапаттау, сондай-ақ аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өткізу жоспарлануда.
«Алтын дән – 2025» мерекесі — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдарына құрмет көрсету мен ауыл шаруашылығы саласындағы табыстарды көпшілікке паш етудің мерекесі болмақ.