Жалағашта 2026–2028 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы талқыланды
Бүгін Жалағаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Жиынға барлық сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты қызметкерлер қатысты. Мәжілістің негізгі тақырыбы – 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын іске асыру мәселелері болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі бағдарлама аясында белгіленген мақсат-міндеттерге ерекше назар аударды. Ол әрбір сала мен бөлім бойынша нақты, тиімді жоспарлар жасалуы, жылдық көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті.
Мәжілісте сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы кеңінен талқыланды. Аудан әкімі ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту бағытында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, инвестиция тарту жұмыстарының белсенді жүргізілуі, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері де қаралды. Бұл бағыттар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және бизнестің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететіні айтылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі барлық сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ардақ Ибраимов атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыру, көрсеткіштерге қол жеткізу және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін әрбір жауапты маманның нақты міндеттерді уақытылы орындауы маңызды екенін ерекше атап өтті.
Кеңейтілген мәжіліс барысында қаралған мәселелер мен берілген тапсырмалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, ауылдық және қалалық аймақтардың дамуына, инвестициялық ахуалды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағаланды.







