"Ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 бөтелке майға теңесті"

181
Күнбағыс майының қымбаттап кеткеніне ашуланған астана тұрғыны еліміздің қазіргі экономикалық жағдайы туралы сөз етті.

Facebook желісіндегі "Астана - Что? Где? Когда?" тобының мүшесі осы күнге дейін ішінде сақтап келген жанайқайын ашына жеткізді. Елорда тұрғыны айт мерекесі қарсаңында күнбағыс майын сатып алуға барып, азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне тағы бір мәрте көз жеткізгенін айтады. 


"Осынау қасиетті мерекеде жаман сөз жазғым келмеп еді, бірақ айтпайын десем, ыза болып отырмын. Бүгін дүкенге күнбағыс майын алуға кірдім. Бағаларды көріп "аузым ашылды". Бір литр май 935 теңге тұрады. Оны Испаниядан, Грекиядан әкелмейтіні белгілі. Оны осында өндіреді. Бірақ жақында бағалары теңесетіні көрініп тұр. Шенеуніктер майдың бағасын бір қалыпта ұстап тұру туралы айтқаны есте. Ойлап қарасақ, бағаны бақылауда ұстаймыз деген биліктегілер қайда қарап отыр? Оларға миллиондаған айлық не үшін төленеді? Сауда, ауылшаруашылық, экономика сияқты министрліктер қайда? Олар бізге не үшін керек?", - деп жазды елорда тұрғыны. 


Желі қолданушысы бұдан бұрын жағдайдың әлдеқайда жақсырақ болғанын алға тартты. 
"Бұрын бұдан да жаман болған дейтіндерге айтарым - мен Павлодардың жанындағы ауылды тұрдым. Сол жерде 13 мың қой, 4 мың ірі қара, 800 бас жылқы өсірілді. Картоптан бастап, бидайға дейін екті. Өзінің май өндіретін зауыты болды. Күнбағыс майының көптігі сонша, автокөлікті маймен толтыруға болатын. Ал қазір ше? Өзіміздің көкөніс мұхит асып келген жемістен қымбат. Басқа азық-түлік туралы айтпай-ақ қояйын", - дейді ол ашынып. 
Тұрғын соңғы уақытта ел экономикасындағы жетістіктер туралы жаңалықтарға сенбейтінін жеткізді.


"Біздің елдің экономикасы жетістікке толы деп жатыр, бірақ біз одан сайын төменге құлдилап кетіп барамыз. Елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 бөтелке майға теңесті. Миллиондаған бала кедейлікте өмір сүруде. Бұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мен бәрінен жалықтым", - деп жазды ол. 


Өзін орташа табысы бар, қарапайым азамат деп атаған тұрғын қазірден бастап елдегі азық-түліктің бағасын реттемесе, күнкөріс деңгейінің нашарлап, елді аштық жайлауы мүмкін деген тұжырымға келді.