Қызылордалықтар көмірдің сапасына наразылық танытуда

2 575

Фото: Сергей АверинҚызылорда облысының көгілдір отын бармаған ауыл тұрғындары  көмір орнына құм жағып отырғанына қынжылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Көпбалалы жас отбасының қожайыны қып-қызыл ақшаға келген көмірдің қызуы төмен, үйді дұрыс жылытпайтынын жеткізді. Бір қыстан тоңбай шығу үшін кемінде 250 мың теңге жұмсайды. Алайда соның жартысы құр шығын.


"Бұрын бір жылға 6-7 тонна жететін. Енді 10 тонна аламыз. Таразыдан бір жейді. Жанбайтын көмірді араластырып, тағы салады. 10 тоннаның 4 тоннасы құм, топырақ араласқан, күнге әбден күйіп, жылуы кеткен жанбайтын көмір болып шығады", - деді Дәулет.


Жалағаш ауданы Мырзабай ахун ауылының тұрғындары көмірдің сапасы бағасына сай емес екендігін айтып, наразылық білдіруде. 

Тұрғындардың айтуынша, көмір қоймалары бір-бірімен байланысты, одан халыққа нашары кетеді, тәуір жерін алыпсатарлар алады-мыс. Қызылорда қаласына іргелес орналасқан  "Сабалақ" саяжайына да табиғи газ әлі жеткен жоқ. Саяжай тұрғыны Әйгерім Бақытқызы жылу маусымы басталғаннан от жағу үлкен мəселеге айналатынын айтты.


"Жалақыға немесе несиеге қоймадан тонналап көмір аламыз. Бірақ сапасы жылдан-жылға нашарлап барады. Ірі көмір аз, құм болып кеткенін сатады. Не жылуы жоқ, пешке салғанда астынан түсіп, рəсуə болады. Бірнеше рет əлеуметтік желіге шығардым. Бірақ билік өкілдерінің де, жеке кəсіпкердің де мұрты қисаймады", - деді  Айгерім.



Көмір құны 19 500 теңгеге көтерілген. Себебі жол тарифінің, тауардың өзіндік құнының өсуі әсер етуде дейді тасымалдаушы компаниялар.