ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев PetroKazakhstan Inc компаниясының президенті Чэнь Даюмен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, мұнай-газ саласының қазіргі ахуалы және алдағы бірлескен жоспарлар кеңінен талқыланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мұнай-газ саласына жауапты басқарма басшылары мен компания өкілдері қатысты. Басқосуда өңір экономикасындағы мұнай саласының рөлі, өндіріс көлемін тұрақтандыру, жаңа кен орындарын игеру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аймақ басшысы өз сөзінде PetroKazakhstan Inc компаниясының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Оның айтуынша, компания аймақтағы ірі өндірістік құрылымдардың бірі ретінде мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, өңір экономикасының дамуына елеулі ықпал етіп келеді.
– Мұнай-газ саласы Сыр өңірінің экономикасында маңызды орын алады. Сондықтан өндіріс көлемін тұрақты сақтау, жұмыс орындарын қысқартпау және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы бастамалары да өңір үшін үлкен маңызға ие, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында өндіріс үдерістеріне заманауи технологияларды енгізу, цифрландыру жүйелерін жетілдіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы өндірістік процестерде қоршаған ортаға келетін зиянды азайту, экологиялық талаптарды сақтау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Жиында Оңтүстік Торғай бассейні аумағындағы кен орындарының қазіргі жағдайына арнайы тоқталынды. Мамандардың мәліметінше, бүгінде игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі өндірістің соңғы кезеңіне өткен. Сонымен қатар қалдық қорлардың едәуір бөлігі қиын өндірілетін санатқа жатады. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемінің біртіндеп төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Кездесу барысында бірқатар ұңғымалардағы сулану деңгейі 95 пайызға дейін жеткені айтылды. Мұндай көрсеткіштер өндіріс тиімділігінің төмендеуіне, мұнай өндіру көлемінің азаюына және болашақта жұмыс орындарының қысқаруына әсер ету қаупін туындатады. Осыған байланысты мұнай өндірісін тұрақтандыру мақсатында жаңа технологияларды енгізу және жаңа кен орындарын игеру мәселесі күн тәртібіне шықты. Аймақ басшысы жаңа перспективалық учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа қорларды анықтау – өңірдегі мұнай-газ саласының болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Атап айтқанда, өткен жылы аяқталған Арал шөгінді бассейні аумағындағы зерттеулер нәтижесінде шамамен 1,1 млрд тонна шартты отын көлеміндегі көмірсутек белгілері анықталғаны айтылды. Бұл – аймақтың мұнай-газ әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Кездесуде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге инвестиция тарту, халықаралық тәжірибені пайдалану және жаңа кен орындарын игеру бағытындағы жобаларды жеделдету мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, техникалық базаны күшейту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері сөз болды. Басқосуда әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің жалақысы, еңбек жағдайы және әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты талап-тілектер көтерілді. Аймақ басшысы еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажеттігін айтты.
– Ең бастысы – еңбек адамының жағдайы. Жұмысшылардың әлеуметтік мәселелеріне, қауіпсіз еңбек жағдайына және тұрақты табысына ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл – өндірістегі тұрақтылықтың негізгі кепілі, – деді облыс әкімі.
Кездесуде өңірдегі газ тапшылығының алдын алу мәселесі де кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы газ кен орындарын игеру және газ құбырларын тарту жобаларын жедел жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бұл жұмыстарға мұнай-газ компанияларының белсенді қатысуы қажеттігін айтты. Өңірдегі халық санының артуы мен өндірістік нысандардың көбеюіне байланысты табиғи газға деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Осыған байланысты жаңа газ көздерін игеру, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту және елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жандандыру мәселелері көтерілді. Жиын барысында тараптар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. Компания өкілдері облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына тоқталып, өндірістік және әлеуметтік бағыттағы бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты. Кездесу қорытындысында облыс әкімі жауапты сала жетекшілеріне мұнай-газ секторындағы өзекті мәселелерді тұрақты бақылауда ұстауды және компаниялармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар өндірістік тұрақтылықты сақтау, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру бойынша нақты міндеттер жүктелді. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған әріптестік алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, мұнай-газ саласын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті әртараптандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.







