Қызылорда облысында «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты салтанатты шара өтті

1 505

Өнер орталығы ғимаратында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Тағылымы мол кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті жанындағы өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери қызметшілер және ғылым саласының қызметкерлері қатысты.

Мерекелік шара Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген әскери қызметкерлерге құрмет көрсету, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау және ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Кеш барысында ел қорғаған батырлардың ерлігі мен тәуелсіздіктің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары жиналған қауымды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген әскери қызметкерлер мен құқық қорғау саласы мамандарының еңбегіне жоғары баға берді.

– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен, Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшымыз – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы: «Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы», – деген болатын, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Өз сөзінде ол бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері ерлік пен батылдықтың жоғары үлгісін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық әскери қызметшілердің Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы түрлі бітімгерлік миссияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейін дәлелдеп жүргенін айтты.

Сондай-ақ қазіргі таңда әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдарының мамандарына және азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек күштік құрылымдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.

– Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың нәтижесінде еліміздің іргесі берік, халқымыздың ынтымағы бекем болып отыр. Елдің сырты жаудан, іші даудан аман. Бүгінде мемлекетіміз тұрақты даму жолымен алға қадам басуда. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамаларымыз сәтті жүзеге аса берсін. Еліміздің мерейі үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Мерекелік шара барысында Сыр өңіріне арнайы келген де құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызмет пен Отан алдындағы жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери қызметкерлердің рөлі ерекше екенін атап өтіп, олардың қоғамдағы беделі әрдайым жоғары болуы керектігін айтты.

Сонымен қатар мерекелік кеште әскери салада, құқық қорғау органдарында және азаматтық қорғаныс құрылымдарында абыройлы қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Отан алдындағы қызметін адал атқарып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген әскери қызметкерлерге арнайы алғыс айтылып, құрмет көрсетілді. Шара барысында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке де ерекше құрмет көрсетілді. Тыл ардагерлеріне гүл шоқтарын табыстау рәсімі ұйымдастырылып, олардың ел үшін атқарған өлшеусіз еңбегі жастарға үлгі ретінде дәріптелді. Ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы екені айтылып, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны атап өтілді. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, әскери-патриоттық қойылымдар мен хореографиялық композициялар көрермен назарына ұсынылды. Өнерпаздар Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет ету, ерлік пен батырлық тақырыптарын кеңінен насихаттайтын шығармаларды орындады. Концерт барысында Ұлы Жеңіс жылдарындағы тарихи оқиғаларды бейнелейтін театрландырылған көріністер қойылып, соғыс ардагерлерінің ерлігі мен майдан даласындағы батырлықтары көркем түрде сахналанды. Сонымен бірге қазіргі әскери қызметшілердің ел тыныштығын сақтаудағы жауапкершілігі мен ерлігі де көрініс тапты. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері мұндай тағылымды шаралардың жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, елін, жерін қорғаған батырлардың ерлігін дәріптеу – ұлттық рухты нығайтудың маңызды тетігі. Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында қатысушылар ел тыныштығы мен Тәуелсіздіктің қадірін ұлықтап, Қазақстанның өркендеуі жолындағы игі бастамаларға сәттілік тіледі.Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған тағылымды шара ел бірлігі мен патриоттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени-көпшілік іс-шаралардың бірі болды.