Қызылордада «Қазақстан ұлттық урбан форумы-2025» халықаралық форумы басталды
Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Хабитат ұйымы, БҰҰ Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңір әкімдіктерінің өкілдері қатысты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынның алғысөзінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл форум елдегі урбанистика саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи бастама екенін атап өтті.
«Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны — қалалардың болашағын жобалайтындар үшін басты оқиға. Іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырды.
Қызылорда облысының әкімі атап өткендей, халықаралық форум — өңірлер, сарапшылар мен мемлекет арасында тұрақты диалог құру үшін Қазақстанның ресми тұғырнамасы.
Форумның миссиясы — урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру. Ол үш деңгейді қамтиды: әлемдік (UN-Habitat аясындағы жаһандық форумдарға қатысу), аймақтық (басқа елдермен тәжірибе алмасу), ұлттық (ел аумағындағы қалалар мен қауымдастықтар арасындағы диалог).
Басты тақырып — «Өңірлерден бастау алатын кешенді қалалық қайта құру: Қазақстандағы теңгерімді, инклюзивті және климаттық өзгерістерге төзімді қалаларды қалыптастыру».
Форумға қатысушылар жаңа қалалық күн тәртібіне (New Urban Agenda) және орнықты даму мақсаттарына сәйкес қаланың инклюзивті және теңгерімді дамуын ілгерілету бағдарларын, қалалар мен ауылдар арасындағы байланысты, климаттық бейімділікті, оған жастардың қатысуын, сондай-ақ басқарудағы цифрлық тәсілдерді талқылап жатыр.