АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ДАУЫС БЕРДІ

1 502

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ДАУЫС БЕРДІ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Құзыреттілік орталығындағы»  №222 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдады. 

«Жыл басында Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысында Президентіміз еліміздің алдағы стратегиялық бағытын айқындап, конституциялық реформаларды ұсынған болатын.

Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституциямыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістерге жол ашып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік берді.

Бүгін өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауы – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның жаңа бағдарын айқындайтын тарихи оқиға.

Жаңа Құрылтай Парламенттік жүйенің тарихи сабақтастығын сақтап, егемен еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді. Сыр жұртшылығы  еліміздің ертеңіне бейжай қарамай, бүгінгі сайлауға да белсенді қатысады деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Қызылорда облысында 500 591 дауыс беруші тізімге енгізілген, 386 учаскеде 2720 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Қызылорда қаласында 132 учаске бар. 

Азаматтардың учаскесін анықтауға арналған 4 онлайн сервис жұмыс істейді. Сондай-ақ, уақытша тіркеу қызметімен айналысатын 5 учаске бар.

Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 67 инватакси, 45 сурдоаудармашы ымдау тілі қызметін көрсетуде.

Айта кетейік, азаматтардың дауыс беру учаскесін нақтылау мақсатында Call-орталық (109) және «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz/ru) жұмыс істейді.

Әр азамат жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы қай сайлау учаскесінде тіркелгенін және сол учаскесінің қай мекенжайда орналасқанын   картадан онлайн көре алады. 

Сонымен қатар, telegram-бот (saylaukzo_Bot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Сайлау учаскелерінде ұлттық ойындар, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, өнерпаздар әннен шашу шашты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.