Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының бас директоры Ян Миньюй мырзамен кездесті.

2 307

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіКездесу барысында аймақ басшысы мен шетелдік инвестор өңірдің мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелерін, соның ішінде барлау, өндіру, әлеуметтік жауапкершілік және инфрақұрылымды дамыту бағыттарын жан-жақты талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

«ПетроҚазақстан» – Оңтүстік Торғай ойпатындағы бірнеше кен орынды игеріп отырған, өңірдегі жетекші мұнай өндіруші кәсіпорындардың бірі. Қазіргі таңда аталған кен орындарының елеулі бөлігі пайдалану мерзімінің соңғы кезеңіне жетіп, өндірістік әлеуеттің төмендеуі және ұңғымалардың сулануы 95%-ға дейін артуы секілді күрделі технологиялық қиындықтарға тап болуда. Бұл өз кезегінде кейбір кеніштердің жабылуы мен жұмыс орындарының қысқару қаупін тудыруы мүмкін.

Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев компания басшылығына стратегиялық маңызды ұсыныс жасады:

«Құрметті Ян Миньюй мырза, тек қолданыстағы келісімшарттық аумақтармен шектелмей, болашағы зор жаңа учаскелерде де барлау және игеру жұмыстарын бастау қажет. «ПетроҚазақстан» өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде танытты. Өңір тұрғындарына көрсетілген көмекті жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімім мол», – деді облыс әкімі.

Кездесу аясында сондай-ақ еңбек жағдайын жақсарту, жергілікті мамандардың кәсіби даярлығы, экологиялық тұрақтылық мәселелері сөз болып, «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» компаниясы жүзеге асырып жатқан газ құбыры құрылысының мерзімінде аяқталуы қажеттігі ерекше атап өтілді.

Өз кезегінде Ян Миньюй мырза компанияның Қазақстандағы қызметін одан әрі жалғастырып, облыс әкімдігімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Ол «ПетроҚазақстанның» өңір экономикасына қосар үлесі мен әлеуметтік міндеттемелерді орындау бағытындағы жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

Қорытындысында, кездесу мұнай-газ секторын тұрақты дамыту мен әлеуметтік әріптестікті тереңдету жолындағы маңызды қадам болды. Облыс басшылығы мен шетелдік инвестор арасындағы өзара түсіністік пен ашық диалог – өңірлік экономиканың жаңа серпін алуына ықпал етпек.