Қызылордада жаңа агрокластер құрылып, жылыжай кешені салынады
2025 жылғы 3 қарашада ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен VIII жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2025) өз жұмысын бастады. Ірі халықаралық шараның негізгі мақсаты – Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестиция тарту, стратегиялық әріптестікті дамыту және жаңа өндіріс бағыттарын қолдау, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Форумға 50-ден астам елден мыңнан астам қатысушы келді. Олардың қатарында өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, фармацевтика, консалтинг және басқа да салалардағы жетекші халықаралық және отандық компаниялардың басшылары бар.
$7,5 млрд инвестициялық портфель
KGIR-2025 алаңында жалпы құны 7,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 49 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 13 коммерциялық келісім (жалпы сомасы 3,8 млрд доллар) тікелей Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен рәсімделді. Бұл келісімдер Қазақстанның өңірлік экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобаларды қамтиды.
Ауыл шаруашылығындағы ірі жобалар
Форум барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Harvest Agro компаниясы арасында өңірде ірі агроиндустриялық кластер құру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісімге қол қойылды.
Harvest Agro компаниясы жобасы аясында:
- 21 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру мен қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі;
- Жылына 60 мың тонна шикізат өңдейтін май сығу зауыты салынады;
- 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен Fabe Agro ЖШС арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған заманауи жылыжай кешенін салу жөніндегі меморандум жасалды.
Fabe Agro жобасының негізгі параметрлері:
- Өндірістік қуаты – жылына 45 мың тонна өнім;
- Жер көлемі – 250 гектар (сол жағалаудан бөлінген);
- Жалпы инвестиция көлемі – 134,5 млрд теңге;
- 1200 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
Аймақтық экономиканың жаңа драйвері
Жаңа жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызды бөлігіне айналмақ. Олар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өндірістік әлеуетін күшейтеді, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Форум қорытындысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанның инвестициялық саясатындағы тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге, инвесторлар үшін қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыруға мемлекет айрықша мән беретінін атап өтті.
KGIR-2025 нәтижесінде Қазақстан экономикасына тартылатын жаңа инвестициялар елдің индустриялық және аграрлық секторын жаңғыртуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталады.







