Қуаңдарияда өткен қабылдауда тұрғындардың мәселесі тыңдалды

1 509

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы аясында аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандық сот төрағасы, құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар бөлімінің және Мемлекеттік кірістер басқармасының басшыларымен бірге Қуаңдария ауылдық клуб үйі ғимаратында аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында тұрғындар аудан басшылығына өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді жеткізіп, бірқатар ұсыныстарын айтты. Жалпы 50-ге жуық азамат қатысқан кездесуде жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, ауылішілік көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, ауыз су, инфрақұрылым және әлеуметтік көмек мәселелері көтерілді. Сонымен қатар кейбір тұрғындар кәсіп бастауға қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелер туралы ақпарат сұрады. Аудан әкімі азаматтардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Бірқатар мәселелер қабылдау барысында заң аясында түсіндіріліп, кейбір ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жобалар қатарына енгізілетіні айтылды. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына тұрғындармен кері байланысты тұрақты жүргізіп, өтініштердің орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды.

Қабылдау кезінде тұрғындар тарапынан елді мекендерді абаттандыру, жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру бойынша да ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Айта кету керек, 2026 жылдың І тоқсанында аудан әкімінің және оның орынбасарларының қабылдауында 91 азамат болып, оның 74-і жұмыс мәселесі бойынша жүгінген. Қазіргі таңда өтініш білдірген азаматтардың 53 пайызы тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Сонымен қатар жұмыспен қамту бағытында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдау шаралары қолға алынуда. Жалпы, аудан әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін назарға алып, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.