Сырдария ауданында кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары жалғасуда

2 216

Фото: Сырдария аудан әкімдігіСырдария ауданында кәсіпкерлік пен өнеркәсіп өндірісін дамыту бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен экономиканы әртараптандыру саясаты аясында жүзеге асуда. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан экономикасында айтарлықтай оң динамика қалыптасып, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы мен өнеркәсіп өндірісінің өсімі байқалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, аудан экономикасындағы өсім – мемлекеттік қолдаудың, жеңілдетілген несиелер мен гранттардың, сонымен қатар бизнеске бағытталған инфрақұрылымның нәтижесі.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға нақты тапсырмалар жүктеді. Біз ауданымызда осы бағытта жүйелі жұмыстарды жүргізудеміз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд. теңгеге жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2600-ден астам кәсіпкер тіркеліп, оның 2550-ге жуығы нақты жұмыс істеуде. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлер 6,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 23 пайыздық өсімге қол жеткізді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жыл басынан бері 75 жоба бойынша 3,7 млрд. теңге көлемінде несие және грант қаражаты берілді. Бұл қаржы жаңа жобаларды іске асыруға және кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Өнеркәсіпте өсім бар

2025 жылдың алғашқы 6 айында аудандағы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 49 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға орындалып, салада тұрақты өсімнің бар екенін дәлелдеп отыр.

Өнеркәсіптің негізгі бағыты – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару, аграрлық шикізатты қайта өңдеу мен азық-түлік өнімдерін өндіру болып отыр. Жеке кәсіпкерлер мен өндірістік кооперативтер бұл салада белсенділік танытып, жаңа технологияларды енгізуде.

Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тірегі

Бүгінде Сырдария ауданында 2600-ден астам шағын және орта кәсіпкер тіркелсе, олардың 2550-ге жуығы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл – аудан халқының кәсіпкерлікке деген қызығушылығының жоғары екенінің және кәсіпкерлік мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының көрсеткіші.

Кәсіпкерлер 6,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, былтырғы көрсеткіштен 23 пайызға артық нәтижеге қол жеткізген. Бұл өсім жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімдерді нарыққа шығаруға және халық табысын арттыруға ықпал етуде.

Қаржылай қолдау – нақты нәтижеге жол ашты

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде аудандағы кәсіпкерлерге жыл басынан бері 75 жоба аясында 3,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие және мемлекеттік гранттар берілді. Бұл қолдаулар ауыл шаруашылығынан бастап, қызмет көрсету мен өндіріс саласына дейінгі жобаларды іске асыруға жол ашты.

Берілген қаражаттар аясында бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артып отыр. Атап айтқанда, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында да тиімді құралдар қолданылуда.

Алдағы жоспарлар

Аудан әкімінің айтуынша, кәсіпкерлікті әрі қарай қолдау мақсатында:

Бизнеске арналған инфрақұрылым жетілдіріледі,

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларға басымдық беріледі,

Жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрақты жұмыспен қамту бағытында тың жобалар дайындалуда.

Берік Сәрменбаевтың сөзіне сенсек, аудан басшылығы кәсіпкерлікке тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрақтылықтың факторы ретінде де қарайды. Себебі кәсіпкерлік – халықтың өз кәсібін табуына, табысын арттыруына және елді мекендердегі тұрмыс сапасын көтеруге тікелей әсер ететін сала.