ШИЕЛІДЕ «ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА АМАНАТ»: КАМАЛ ОСПАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

1 501

ШИЕЛІДЕ «ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА АМАНАТ»: КАМАЛ ОСПАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Камал Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты еске алу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Тағылымға толы шараға аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Кештің негізгі мақсаты – ерлікпен ел қорғаған тұлғаның өмір жолын ұлықтау, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен патриоттық тәрбие беру болды.

Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз ерлік дәстүрін дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуіміз керек» деген тағылымды ойын атап өтіп, Камал Оспанұлының ғұмыр жолы – нағыз ерліктің, табандылық пен адал қызметтің үлгісі екенін ерекше жеткізді.

– Бүгінгі еске алу шарасы – бір азаматтың өмір жолын ғана емес, тұтас бір дәуірдің ерлік шежіресін ұлықтайтын тағзым. Камал Оспанұлы сияқты тұлғалардың ерлігі – ұрпаққа мәңгілік өнеге, – деді аудан әкімі.

Камал Оспанұлы 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, елге деген сүйіспеншілігімен ерекшеленген ол небәрі 16 жасында майданға аттанып, Сталинград шайқасында ерлікпен соғысты. Қиын-қыстау кезеңде жауға қарсы қайсарлық танытып, ел қорғауда жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.

Сұрапыл соғыстан кейін бейбіт өмірге оралып, ол құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарды. Прокуратура органдарында еңбек етіп, заңдылық пен әділдіктің сақталуына зор үлес қосты. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.

Ардақты азаматтың ерлігі мен еңбегі КСРО Бас прокуроры Роман Руденко атынан табысталған атаулы алтын сағатпен де бағаланған. Сондай-ақ, «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдары оның майдандағы ерлік жолының айқын дәлелі болып табылады.

Тағылымды кеш барысында Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Исламбек Төлегенов, «Хусамуддин Әс-Сығанаки» қоғамдық қорының президенті Тұрсынхан Әлібеков, сондай-ақ ардагердің отбасы атынан Назипа Оспанова сөз сөйлеп, Камал Оспанұлының жарқын бейнесін тебіреніспен еске алды.

Жиында қатысушылар ардагердің рухына тағзым етіп, оның ел үшін сіңірген еңбегі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Мұндай іс-шаралар жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеуге, тарихты құрметтеуге және елжандылыққа баулуға үлкен ықпал ететіні айтылды.

Кеш соңында ардагердің өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, көркемөнерпаздар ұжымы патриоттық әндер орындады. Қатысушылар тарихи тұлғаның өнегелі өмірі – бүгінгі бейбіт күннің бағасын түсінуге үндейтінін ерекше атап өтті.

Ерлік пен елдік ұғымын ұлықтаған бұл тағылымды шара – өскелең ұрпаққа аманат, тарихқа тағзым, бейбіт өмірге құрметтің жарқын көрінісі болды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі