ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНДА 39 МАМАН БІР КҮНДЕ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛДЫ
Қызылорда облыстық жастар орталығының 39 маманы бір күннің ішінде жұмыссыз қалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
27 ақпанда Жаналиевтің облыс әкіміне жолданған бір қызметтік хаттың негізінде 5 наурызда аймақ басшысының қаулысы шыққан көрінеді. Бірақ көрінеді дейтініміз бекер емес. Себебі сол қаулыны қызметкерлер тек сәуір айында ғана көреді. Сонда бұл қандай шешім? Халықтан да, қызметкерден де жасырын қабылданатын жабық саясат па?
Жауырды жаба тоқу жараны жазбайды. 1 сәуір күні басқарма басшысы Р.Каюповтың қатысуымен өткен жиналыста 44 маманның 39-ы қысқаратыны айтылған. Бірақ ешқандай нақты негіз, ешқандай ресми түсіндіру жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда бүгін барсың, ертең жоқсың деген әңгіме ғой.
Тек 13 сәуірде ғана оптимизация емес, нақты қысқарту екені белгілі болған. Ал енді заң қайда? Тәртіп қайда? Заң – бәріне ортақ деуші едік. Ендеше неге бір ай бұрын ескерту берілмеген? Қысқаратын лауазымдар ресми түрде көрсетілмеген? Бұйрықпен уақытылы таныстырылмаған?
Бұл сұрақтар жауапсыз қалса, бұл жай немқұрайдылық емес, бұл қызметкер құқығына салынған салмақ. Тағы бір күмәнді тұс шешімнің негізі. Қысқартуға облыс әкімінің нақты қаулысы бар ма, әлде бәрі бір қызметтік хаттың көлеңкесінде шешілген бе? Басқарма өкілдері бұл жағдайдың әкімдікке қатысы жоқ, бұл ішкі шешім дейді. Онда сұрақ одан сайын қоюлана түседі. Аймақ басшысы бұл жағдайдан хабардар ма, әлде біреулердің өз бетінше ойнаған ойыны ма?
14 сәуірде орталықтың міндетін атқарушысы Т. Амануллаева еңбекке жарамсыздыққа кетеді. Бірақ артында орнына адам қалдырмайды. Соның салдарынан тұтас бір мекеме басқарусыз қалады. Ең сорақысы екінші орынбасар Г. Айдарбекова жұмыс орнында бола тұра, оған басқару сеніп тапсырылмаған. Бұл не? Сенімсіздік пе, әлде әдейі жасалған бейберекеттік пе?
13 сәуірде шыққан бұйрықпен қызметкерлер тек 24 сәуірде танысады. Ал сол кезде еңбекке жарамсыздықта жүрген басшы Т. Амануллаева бұйрықпен танысып, қол қойып үлгерген. Бірақ ұжымға жеткізбеген. Бұл қалай болғаны?
Бұл жерде бір емес, бірнеше шындық қатар тұр. Ашықтық жоқ, тәртіп жоқ, жауапкершілік жоқ. Ал ең қиыны осының бәрінің ортасында 39 маман тұр. Олардың артында отбасы, бала-шаға, әр қайсысының басында миллиондаған несие бар.
Адам тағдыры ойыншық емес. Ендеше неге бұл жерде адамдар цифр сияқты “қысқартылады” деп қана айтылады? Ал 28 сәуір күні, бұл даудың нүктесі қойылғандай болды. Бірақ әділеттің емес, күштің нүктесі. 39 маманның әрқайсысына жеке-жеке бұйрық шығарылып, бір күннің ішінде жұмыстан босатылды. Кеше ғана талқылау, түсіндіру деңгейінде жүрген мәселе бүгін үнсіз-ақ жүзеге асырылды.
“Халық айтса, қалып айтпайды” дейді. Бірақ бұл жолы халыққа да, қызметкерге де сөз берілген жоқ. Ескерту жоқ, ашық түсіндіру жоқ, заңдылыққа нақтылық жоқ, бірақ бұйрық бар. Бұл не сонда? Заңмен жүретін мемлекет пе, әлде кім қалай шешті солай болады дейтін жүйе ме?
Бір күнде 39 адамды жұмыссыз қалдыру жай көрсеткіш емес. Бұл – 39 отбасының наны, 39 адамның үміті, 39 тағдыр. “Тура биде туған жоқ” деуші едік. Ал мұнда туралықтың ізі де көрінбейді.
Тағы бір ащы шындық мекеме ашылғаннан бері еңбек етіп келе жатқан мамандардың өзі өз орнын сақтап қала алмаған. Соның ішінде бөлім басшысы Д. Жылқышиева осы мекемеде жүргеніне 12 жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің орнын сақтап қала алмағанын айтып, ашық сұрақ қойып отыр. Неге 3-4 жыл бұрын келген қызметкерлер жұмыс орнында қалып, қаншама жыл өмірін арнаған мамандар қысқартылып кетуі керек?
Егер бәрі заңды болса, неге бәрі жасырын өтті? Ал егер жасырын болса, оның заңдылығы қайда? Бұл жағдай енді жай күмән емес. Бұл – жауапты талап ететін, түсініктеме емес, нақты дәлел сұрайтын мәселе. Бұл тек бір мекеменің мәселесі емес, тұтас жүйенің айнасы. Бүгін жастармен жұмыс істейтін 39 маман осылай үнсіз қысқарса, ертең жастар саясатының өзі қысқармайтынына кім кепіл?
Бұл жерде үнсіз қалу, әділетсіздікке жол беру. Осы мәселеге байланысты Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына ресми сауал жолдадық. Жауап болған жағдайда бөлісетін боламыз. Бұл қысқарту заңды ма? Әлде біреулердің қолымен жасалған күмәнді шешім бе?







