Жасөспірімдерге алкоголь өнімін сатқан қызылордалық сатушылар жазаланды
Қызылордада жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан сегіз сатушы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз! Балалар!» атты акциялар өткізілді. Биылғы 7 айдың ішінде облыс көлемінде ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлерімен 5 мың 330 құқықбұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 218 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызып, 40 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталған. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 3 мың 934 жасөспірімнің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, кафе-барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін анықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түнгі уақытта болатын құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр. Әрбір рейд бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, топтасып жасалған құқықбұзушылықтың зардаптары, оның жауапкершілігі туралы айтылды. Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандардың темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 5 адам, жасөспірімдерге алкоголь өнімін сатқаны үшін 8 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.