Қызылордада көлік жүргізушісі 40 рет жол ережесін бұзған

2 563

Фото: ©Kazinform Қызылорда облысында жол ережесіне бағынбайтындарды автоматты түрде анықтайтын құрылғының көмегімен қасақана құқық бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген автокөлік иесі анықталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осындай құқық бұзушылықтардың бірі халықаралық және республикалық маңызы бар автожол бойында орнатылған стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы тіркелген. Аталған жүйелер жол қозғалысын тәулік бойы бақылап, ереже бұзған көлік жүргізушілерін автоматты түрде анықтайды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттырады және өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

 Тексеру нәтижесінде «LEXUS RX 330» маркалы автокөліктің 50 жастағы жүргізушісі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатып, айыппұл төлеуден жалтару үшін әдейі құқыққа қайшы әрекет жасаған. Жылдамдық режимін бірнеше рет бұзып, жалпы сомасы 1 млн 773 мың теңгеден асатын 40 құқықбұзушылық жасаған. Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, сот шешімімен жүргізуші 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты департамент жүргізушілерді көлік құралдарының құжаттарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге, белгіленген жылдамдықты сақтауға және жол жүрісі қағидаларын қатаң ұстануға шақырады. Сонымен қатар, жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ескертеді.