Елорда полициясы желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді

328

Фото: pixabay.comНұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында бала ұрланып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.


Белгісіз ер адам мен әйелдің бала ұрлап жүргені туралы ақпарат мессенджерлер арқылы тарап кеткен. Мұндай ақпарат алдымен көршілер арасында ашылған чатқа жіберіліпті. 


"Құрметті көршілер, бүгін таңғы сағат бесте менің ұлымды ұрлап кете жаздады. Ол күнде таңертең жүгіреді. Жасы – 13-те. Әйел мен еркек оны көлікке сүйреп, алып кеткісі келген. Бірақ балам қашып құтылыпты. Дәл қазір үйге полицейлер келді. Ондай оқиғалар көбейіп кетті дейді. Сақ болыңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Біз есеңгіреп қалдық, менің балам есін жинай алмай жатыр", - делінген хабарламада. 


Хабарлама авторы бұл жайттың Нұр-Сұлтандағы қай тұрғын үй кешенінде болғанын да атап өткен.


 Қалалық полиция департаменті болса, желіде тараған хабарламаның шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Департамент кәмелетке толмаған баланы ұрлау фактісі бойынша ешқандай арыз-шағым келіп түспегенін айтуда. 


"Жасөспірімді ұрлау оқиғасы бойынша арыз түскен жоқ. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді", - дейді тәртіп сақшылары.