ШИЕЛІДЕ 529 ҰСТАЗДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕГІ ИНТЕРНЕТКЕ ТАРАҒАН

2 509

Фото: Opennews.kz ЖИ  Қызылорда облысы, Шиелі ауданында білім саласын аяғынан тік тұрғызған сорақы оқиға орын алды. Жергілікті 529 білім саласы қызметкерінің дербес деректері Мемлекеттік сатып алу порталында ашық түрде жарияланып кеткен. Ең сорақысы – бұл заңбұзушылық бір ғана ұйымда емес, бірден 7 білім беру мекемесінде анықталып отыр, – деп хабарлайды Politico.kz сайтына сілтеме жасаған Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

 Шартарапқа тараған бұл масқараны Шиелі аудандық прокуратурасы жүргізген қадағалау барысында әшкереледі.

 Мәліметтерге сәйкес, білім беру ұйымдары қызметкерлерді медициналық тексеруден өткізу бойынша қызметтерді сатып алу үшін Мемлекеттік сатып алу порталына лот орналастырған. Алайда, осы құжаттардың ішінде 529 мұғалім мен білім беру қызметкерінің жеке басына қатысты құпия мәліметтері ешқандай шектеусіз, ашық орналастырылған.

 Нәтижесінде, жүздеген ұстаздың жеке өміріне қолсұғылмаушылық және еңбек құқықтары өрескел бұзылды. Жұртшылық арасында «Бұл деректер интернетте қанша уақыт тұрды? Алаяқтар мен үшінші тұлғалардың қолына түсіп үлгерген жоқ па?» деген үрейлі сұрақтар туындауда.

 Прокуратураның араласуынан кейін ғана жеке деректер порталдан жойылған. Ал заңсыз жариялауға жол берген білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

 Алайда, 529 қызметкердің ақпараттық қауіпсіздігі мен заңды құқықтары тапталғанда, тек ішкі сөгіспен шектелу қоғамның ашу-ызасын тудыруда. Өйткені, ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына сәйкес, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау – формальды талап емес, тікелей заңды міндет.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.