СЫР ӨҢІРІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ФЛОРЕНЦИЯ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТЕРІ ӨҢДЕЙТІН ӨНЕРКӘСІП ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының Италиядағы жұмыс сапары жалғасуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Делегация Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқ киім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды.
Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқ киім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.
Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.
Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған. Жобаларды іске асыруға шикізат қоры жеткілікті. Облыс бойынша өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген.
Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.
Өз кезегінде Эцио Кастеллани екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.
Аймақ басшысы әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімі берілетінін, Қазақстандағы түрлі даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжаттар сүйемелденетінін жеткізді.