ЖАЛАҒАШТА СЕМИНАР-КЕҢЕС АҚҚҰМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Аққұм ауылдық округінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын нығайту бағытында маңызды семинар-кеңес жалғасын тапты. Аталған іс-шара туралы Opennews.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті арттыру, қолданыстағы заңнамалардың талаптарын түсіндіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мемлекеттік аппараттың ашықтығын күшейту және қоғам сенімін нығайту мәселелері де кеңінен қамтылды.
Іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Жасұлан Дүйсекеев модераторлық жасап, мемлекеттік қызмет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың әдептілігі мен жауапкершілігі қоғам алдындағы беделді айқындайтынын атап өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін жеткізді.
Семинарға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мейрамкүл Бибітова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев және Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр мазмұнды баяндамалар жасап, қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілерге қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтік тәртіпті күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдарға деген қоғамдық сенімді арттыру бағыттары бойынша кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдері, алдын алу шаралары және әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі ерекше атап өтілді.![]()
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы Әдеп кодексінде белгіленген талаптарға ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы, қызметтік қарым-қатынасы, азаматтармен жұмыс істеу мәдениеті, ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу, әріптестермен және қоғаммен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнату қажеттігі де кеңінен қозғалды.
Семинар-кеңес тәжірибе алмасу алаңына айналып, қатысушылар өзара пікір алмасып, күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға, құқықтық сауаттылығын жетілдіруге және қызметтік этиканы нығайтуға оң ықпал ететіні атап өтілді.
Іс-шарадан кейін қатысушылар үшін жеке қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдау барысында Мейрамкүл Бибітова, Берікбол Байхожаев және Бағдат Әбдіқадыр мемлекеттік қызметшілердің жеке сұрақтарына жауап беріп, нақты құқықтық кеңестер ұсынды.
Жалпы, мұндай мазмұнды семинар-кеңестер мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, заң талаптарын сақтауды күшейтуге және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып табылады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.







