ТАСБӨГЕТ КЕНТІНДЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

1 506

ТАСБӨГЕТ КЕНТІНДЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қызылорда облысында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентіне арнайы барып, жүзеге асырылып жатқан жол жөндеу жобаларының барысымен танысты.

Қазіргі таңда кентте ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның бас мердігері – «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 4,4 шақырым көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде Н.Назарбаев даңғылының 1,2 шақырымы толық жаңартылуда.

Сонымен қатар, кенттегі Есенов және Амангелді көшелерін кеңейту жұмыстары қолға алынып, оларды төрт жолақты ету жоспарланған. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол кептелісін азайтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынып, су ағатын арнайы лотоктар орнатылуда. Сондай-ақ жаңа сапалы асфальт төселіп, көше бойына заманауи жарықшамдар орнату көзделген.

Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ірі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2022–2026 жылдар аралығында өңірде жалпы ұзындығы 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу және күрделі жөндеу үшін 185,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде соңғы төрт жылда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артқан.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, тек қала орталығындағы негізгі көшелер ғана емес, шет аймақтардағы жолдарды жөндеуге де ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.

Биылғы жылы 23,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, Қызылорда қаласы мен оған қарасты кенттер және ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған.

Өткен жылы да жол-көлік саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар көшелер кеңейтілді. Соның ішінде әуежай бағыты, Шиеліден кіреберіс жол, Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралық, сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып қайта жаңғыртылды.

Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жаңа жол құрылысы жүргізілді. Бұл бағыттар қала ішіндегі көлік ағынын реттеп, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге ықпал етті.

Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Атап айтқанда, Арал қаласы мен Жаңақорған кенті аумағында теміржол арқылы өтетін көпірлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінда жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдер салынды.

Алдағы уақытта да бірқатар маңызды жобалар жоспарланған. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы Бәйтерек шағын ауданына жаңа көпір салу көзделсе, Қармақшы ауданында теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы жақын арада басталмақ.

Жалпы, жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бұл кешенді жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Заманауи жолдар – өңір дамуының маңызды көрсеткіші екені анық.

@Қызылорда қаласының әкімінің баспасөз қызметі