ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Қызылорда қаласында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қолға алынған маңызды медициналық нысандар өңірдегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда жаңа нысандардың құрылысын қаржыландыру мәселесі толық шешімін тауып, құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Аталған жобалардың басты мақсаты – облыс тұрғындарының сапалы әрі заманауи медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, медициналық көмектің сапасын жақсарту және халықаралық стандарттарға сәйкес денсаулық сақтау инфрақұрылымын қалыптастыру.
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қала аумағында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысып, жауапты мердігер мекемелер мен сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы басты назарда болатынын атап өтті.
Алдымен қала әкімі сол жағалауда бой көтеріп жатқан 500 орындық жаңа емхананың құрылыс алаңында болды. Бұл –
өңірдегі ең ірі медициналық жобалардың бірі саналады. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан емхана көпсалалы медициналық мекеме ретінде халыққа амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетеді.
Жаңа емханада жалпы тәжірибелік медицина бөлімі, акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімдері қарастырылған. Сонымен қатар, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері де жұмыс істейтін болады.
Медициналық нысан құрамында 50 төсектік күндізгі стационар, заманауи дәріхана, орталық стерилизация бөлімі, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау аймағы және инженерлік-техникалық инфрақұрылым толық қарастырылған. Бұдан бөлек, болашақ мамандар мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал салынуда.
Мамандардың айтуынша, емхана пайдалануға берілгеннен кейін өңір тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарып, қаладағы денсаулық сақтау ұйымдарына түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар енгізіліп, науқастарға қолайлы жағдай жасау көзделген.
Құрылыс алаңын аралау барысында Нұржан Ахатов мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс материалдарының сапасына ерекше көңіл бөліп, барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
Бұдан кейін қала әкімі Қызылорда қаласында салынып жатқан 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысымен танысты. Бұл нысан да өңірдің денсаулық сақтау саласы үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі болып саналады.
Жаңа аурухана құрамында бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емхана қарастырылған. Заманауи талаптарға сай жобаланған медициналық кешен халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Нысан диагностиканың және емдеудің озық технологияларымен жабдықталады. Ауруханада науқастарға жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық қызмет көрсетіліп, күрделі операциялар жасауға мүмкіндік туады.
Жобаға Мелиоратор серіктестігі жауапты. Құрылысына 36 млрд 416 млн теңге қаржы қаралған кешеннің жалпы аумағы 57 мың шаршы метрді құрайды. Аурухана 10 блоктан тұрады.
Олардың қатарында емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия бөлімі, қабылдау бөлімі, әкімшілік блок,
реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, сондай-ақ операциялық бөлімдер бар.
Жобаның басты ерекшелігі – онкологиялық ауруларды ерте анықтау және емдеу бағытындағы мүмкіндіктердің кеңеюі. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылатын аурухана тұрғындарға жоғары технологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жүздеген жұмысшы еңбек етуде. Мамандар монолит құю, ішкі инженерлік желілер жүргізу, әрлеу жұмыстары мен қасбетті монтаждау жұмыстарын қатар алып баруда.
Қала әкімі нысан құрылысын аралау кезінде медициналық мекемелердің халық денсаулығын жақсартудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Салынып жатқан жаңа медициналық нысандар халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан құрылыс жұмыстары жоғары сапада жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс, – деді Нұржан Ахатов.
Сонымен қатар, Президент саябағы аумағында салынып жатқан 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Аталған жобаға 48 млрд 500 млн теңге қаржы бөлінген.
Заманауи орталықта ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған барлық жағдай жасалады. Мұнда қабылдау, стационар, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдер қарастырылған. Сонымен бірге зертхана, ас блогы және қосымша қызмет көрсету орындары орналастырылады.
Перинаталдық орталық жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және нәрестелерге жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Заманауи құрылғылармен жабдықталатын нысан ана мен бала өлімін азайтуға, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында бетон құю, инженерлік желілер тарту және ғимараттың ішкі құрылымдарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Титов шағын ауданында 40 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін №5 қалалық емхананың құрылысы жалғасуда. Бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын жаңа емханаға 9 млрд 823 млн теңге қаралған.
Жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын нысан заманауи медициналық технологиялармен толық жабдықталады. Мұнда балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диагностика кабинеттері, стоматология бөлімдері және зертханалар жұмыс істейді.
Емханада электронды кезек жүйесі, цифрлық диагностикалық құрылғылар және медициналық ақпараттық жүйелер енгізіледі. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңа емхана пайдалануға берілгеннен кейін Титов шағын ауданы тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі айтарлықтай артады.
Жалпы, Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан медициналық жобалар өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Заманауи инфрақұрылым, озық технологиялар және халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсету халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы дәрігерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, медицина саласындағы кадр тапшылығын азайтуға және жастарды осы салаға тартуға оң әсер етеді.
Қала әкімі құрылыс нысандарын аралау қорытындысында жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Әрбір жоба қала тұрғындарының игілігі үшін жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, құрылыс сапасы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







