ШИЕЛІДЕ ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
ШИЕЛІДЕ ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен және Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы негізінде «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Чернобыль қаһармандары» атты еске алу шарасы өтті. Бұл тағылымды жиын адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі – Чернобыль трагедиясының құрбандарына құрмет көрсетуге арналды.
Шараға ауданның ардагерлері, қоғам өкілдері, жастар ұйымдары және Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтар қатысты. Жиналғандар ең алдымен қасіретті оқиғаның құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті. Марқұмдардың рухына құран бағышталып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды.![]()
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Б. Ысмағұлов ашып, Чернобыль апатының адамзат тарихындағы ауыр зардаптары туралы айтып өтті. Ол 1986 жылғы сәуір айында болған апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі ұмытылмайтынын, олардың жанқиярлық еңбегі – бейбіт өмірдің бағасын түсіндіретін маңызды тарихи сабақ екенін атап өтті.
Шара барысында «Қазақстан Чернобыль Ардагерлері» қауымдастығы Орталық кеңесінің шешімімен Чернобыль атом электр станциясы апатының 40 жылдығына орай бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Шалбай Бақыт Кеңесбайұлы, Тұрсынбеков Қайрат Әшімұлы, Қалдыбаев Жақсылық Нақыпұлы, Төлбаев Марат Әбдіреймұлы және Алтынбеков Бақытжан Мейрамбекұлы «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
1986 жылғы апат кезінде радиоактивті ластану деңгейі аса жоғары аймақтарда жұмыс істеген адамдар арнайы қорғаныс құралдарынсыз-ақ апатты оқшаулау жұмыстарына қатысқан болатын. Сол қауіпті жағдайда қызмет еткен әскери бөлімдер мен азаматтық қорғаныс күштерінің ерлігі адамзат тарихында ерекше орын алады.
Қазақстаннан аттанған сарбаздардың ішінде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімдерінің әскери қызметшілері көп болды. Олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, әлемді үлкен экологиялық апаттан сақтап қалуға үлес қосты. Жиында олардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ал ұмытпау – азаматтық парыз екені ерекше атап өтілді.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Б. Ысмағұлов бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстап, олардың еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетті.![]()
Тағылымды жиын соңында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтарға және қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды. Бұл кеш ерлік пен елдік рухты дәріптеген, тарихи жадыны жаңғыртқан маңызды іс-шара ретінде есте қалды.
Фото: Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі







