ҚАЗАЛЫДА БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
ҚАЗАЛЫДА БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Қазалы ауданы бойынша білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Жөлекешов Әділхан Оңдасынұлы төрағалық етті.
Мәжіліске мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ білім бөлімінің жауапты мамандары қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – білім беру жүйесінің сапасын арттыру, оқу-тәрбие процесіндегі өзекті мәселелерді саралау және алдағы міндеттерді нақтылау болды.
Күн тәртібінде білім саласының бірнеше маңызды бағыттары қаралды. Атап айтқанда, педагогтердің сапалық құрамы мен олардың кәсіби деңгейін арттыру мәселесі, педагогтердің білімін бағалау (ОЗП) нәтижелері жан-жақты талқыланды. Бұл бағытта мұғалімдердің біліктілігін арттыру және әдістемелік қолдауды күшейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен орын алды. Бұл ретте мектептерде тәрбие жұмысының жүйелілігін арттыру және ата-аналармен тығыз байланыс орнату қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Жиында оқу тоқсаны бойынша білім сапасының көрсеткіштері сараланып, әр мектептің нәтижелері жеке қаралды.
Әлсіз көрсеткіш көрсеткен бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау және білім сапасын көтеру бойынша ұсыныстар берілді.
Білім алушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау барысы да кеңінен сөз болды. Оқушылардың білім деңгейін арттыру, қосымша сабақтар ұйымдастыру және жүйелі дайындық жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл бағытта әр мектепке нақты міндеттер жүктелді.
Инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау, арнайы мамандармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Сондай-ақ оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, оның сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мәселелері қаралды. Тамақтандыру жүйесін қатаң бақылауда ұстау, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жиын барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар бекітіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді. Әрбір білім беру ұйымына берілген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігі баса айтылды.
Алқа мәжілісінің қорытындысында аудандық білім саласын дамыту, оқу сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жалғаса беретіні атап өтілді.







