Қызылордада «Сабалақ» елді мекенін газдандыру және су қоймасы құрылысы қаралды
Қызылорда қаласында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы өтті. Жиынға қала әкімі Нұржан Ахатов қатысып, 2025–2027 жылдарға арналған бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сессия барысында қала бюджетінің көлемі екі есеге артқаны айтылды. Егер жыл басында 73,1 миллиард теңге болып бекітілсе, сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 144,2 миллиард теңгеге жетті. Қала әкімі Нұржан Ахатов салық базасын кеңейту нәтижесінде 499 нысан қайта бағаланып, олардың жалпы құны 13,5 миллиард теңгеден 60,5 миллиард теңгеге өскенін атап өтті.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды:
* халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу;
* қала көшелерін жөндеу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту;
* тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз желілерін жүргізу;
* «Сабалақ» елді мекенін газдандыру және су қоймасы құрылысын салу;
* ағын суларды тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру.
Сонымен қатар, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізіліп, бос орындар толықтырылды.
Әкімнің айтуынша, бюджетке енгізілген бұл нақтылау — тек қаржылық түзету емес, сонымен бірге қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.