Алматы облысында өртке оранған үйдің тұрғындары далада қалды

295

Фото: ТЖДАлматы облысының құтқарушылары тұрғын үйдегі алапат өртті екі сағат бойы сөндіре алмады. Куәгерлер бұған судың жеткіліксіз болуы себеп екенін айтуда.


Междуреченское ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде болған өрттің ауданы 400 шаршы метрді құраған. Бірнеше отбасы үйсіз қалды. Куәгерлер өртті су жеткіліксіз болғаннан сөндіру мүмкін болмады деген пікірде. Ауылда жылдар бойы су тапшы екен. Әкімдіктегілер көмектесуге уәде бергенімен, мәселенің қашан шешілетіні белгісіз болып отыр деп хабарлайды телеарна.


 "Судың жоқ болуының салдары. Сөндіретін су жоқ, үй өртке оранды", - дейді тұрғындардың бірі. 


Өрттен екінші қабат толықтай қираған. Тұрғындар шатыр қирағанға дейін көшеге қашып шығып үлгеріпті.


"Су болса, сөндірер еді. Өзге пәтерлер де өртенбес еді. Адамдар суды шелекпен тасыды. Көмектескісі келгендер көп болды. Суды толтырып алу мүмкін болмады", - дейді өзге тұрғын. 


Тұрғын үйдегі тоғыз пәтердің үшеуі толықтай өртеніп кеткен. Үйсіз қалғандар бірден мектепке орналастырылып, кейін жалдамалы пәтерге көшірілген. Алдын ала болжам бойынша өрт қысқа тұйықталу салдарынан болған. 


Өртті сөндіруге екі сағат уақыт кеткен. Куәгерлердің айтуынша, тұрғындар су тасып, өрт сөндірушілер келгенге дейін үйді өздері жалыннан құтқармақ болған. Алайда бір сәтте краннан су мүлде ақпай қалыпты. 


"Бізде үнемі су болмай қалып жатады. Жуынып, кіріңіді жуа да алмайсың. Бұл қалай?", - деп күйінді тұрғындардың бірі Татьяна Сосновская. 


Ауылда жеті жыл тұрып келе жатқан өзге тұрғын Наталья Саликова бақшада көкөніс өсіріп, нәпақасын тапқысы келетінін, алайда судың жоқтығынан бақшаны суғару мүмкін болмай отырғанын айтуда.


 "Тіпті насоспен су әзер шығады", - дейді ол. 


Жергілікті әкімдік болса, су мәселесі шешімін табады деп уәде беруде. Мұнда қосымша резервуар орнатылмақ. Жаңа жобаға бюджеттен 6 миллион теңге сұратылыпты.


 "Жоба осы жылға қарастырылған - сараптамаға қаражат бөлінді. Екі-үш ай уақыт кетеді, жылдың соңына дейін жоба бекітіледі. Бәлкім осы жылда шешіледі. Келесі жылға қалып қоюы да мүмкін. Себебі, бір жыл кетеді деп жоспарланып отыр", - дейді аулдық округ әкімі Серік Әбдібеков.