Тау-кен өнеркәсібін дамыту жолдары қаралды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде тау-кен өнеркәсібін дамыту және цифрландыру, көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен мәжілісте тау-кен өндірісіне, көші-қон саясатына, балалардың жазғы тынығу лагерлерінің жұмысына қатысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Айта кету керек, облыс аумағында 28 тау-кен компаниясы жұмыс істейді. Оның 11-і мұнай, 4-еуі уран, ал 13-і қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысады. Бұл салада шамамен 8 500 адам еңбек етеді.
Биыл алғашқы жартыжылдықта тау-кен өнеркәсібінде 286,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмен. Дегенмен, өңірдің жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 512,2 млрд теңге болып, жоспар 100%-ға орындалды. Қазір жаңа кен орындарын анықтау бағытында геологиялық зерттеулер жүргізіліп, мұнайдың терең қабаттары игерілуде. Сырдария бассейнін зерттеу мақсатында бұрғылау жабдықтары жеткізіліп, дала жұмыстары басталды. «Баласауысқандық» жобасы 2016 жылдан бері шетелдік инвестор қатысуымен іске асуда.
«Шалқия» кенішінің жерасты шахтасын салу 2022 жылдан бері қолға алынған. Бұл жоба жүзеге асқанда аймаққа 300 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.
Цифрландыру бағытында да ілгерілеу бар. 2018 жылдан бері «Қазгермұнай» компаниясы «Интеллектуалды кен орны» технологиясын енгізіп, мұнай өндіруді 1-2% арттыруға және шығындарды 10% азайтуға қол жеткізді.







