ЖАЛАҒАШТА АУДАНДА «ТАЗА АУЛА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Ауданда Таза Қазақстан аясында «Таза аула» атты кең ауқымды тазалық акциясы ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Бұл шараның басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және туған жерге деген жауапкершілікті күшейту болып табылады.
Акцияға түрлі мекеме қызметкерлері, көше тұрғындары, ерікті жастар және белсенді азаматтар қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Тазалық жұмыстары барысында көпқабатты үйлердің аулалары мен жеке сектор аумақтары қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, аулалар абаттандырылып, қоршаған ортаны көркейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жиналған
қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, санитарлық талаптардың сақталуына ерекше мән берілді.
Шара аясында тек тазалық жұмыстары ғана емес, көгалдандыру бағытындағы маңызды бастамалар да қолға алынды. Атап айтқанда, аудан мектептерінің аумақтарында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, табиғатты қорғау мен жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл бастама оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық тәрбиені қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов арнайы қатысып, мектептердің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарымен бірге тал екті. Ол өз сөзінде көктем мезгілінде көркейту және көгалдандыру жұмыстарын сапалы әрі жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың ауданның келбетін жақсартудағы рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға барлық мекеме ұжымдарын, тұрғындарды және жастарды белсенді түрде атсалысуға шақырды. Оның айтуынша, тазалық – әрбір азаматтың ортақ міндеті және туған жердің көркеюі әр адамның жеке үлесіне байланысты.
Мұндай игі шаралар тұрғындардың бірлігін нығайтып, қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастырады. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы – олардың туған жерге деген жанашырлығын, азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Жалпы, «Таза аула» акциясы ауданның санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындардың экологиялық санасын арттыру бағытында маңызды қадам болды. Алдағы уақытта да осындай бастамалар жалғасын тауып, өңірдің көркеюіне өз үлесін қоса бермек.
Фото: © Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі







