ҚЫЗЫЛОРДАДА САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Коммуналдық сала қызметкерлері күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Олардың қажырлы еңбегі – қаланың тұрақты дамуы мен инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуінің негізгі кепілі. Осы арқылы олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне және қаланың көркеюіне зор үлес қосып отыр.
Осыған орай, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шара барысында сала мамандарының еңбегі ерекше аталып, оларға құрмет көрсетілді. Қабылдауды қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жүргізіп, коммуналдық саланың қоғам өміріндегі маңызды рөліне тоқталды.
Салтанатты жиында қала басшысының атынан бірқатар еңбеккерлерге Алғыс хаттар табысталып, олардың қажырлы
еңбегі мен жауапкершілігі жоғары жұмысы жоғары бағаланды. Марапаттау рәсімі – қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегіне деген құрметтің көрінісі болды.
Өз сөзінде Арнұр Нұрмағанбетов коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі кез келген уақытта ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол әсіресе ауа райының қолайсыз жағдайларында, төтенше оқиғалар кезінде және күнделікті қызмет барысында бұл мамандардың алдыңғы шепте жүретінін жеткізді.
– Қарапайым еңбек адамын құрметтеу – елдігіміздің айқын белгісі. Сіздер қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей үлес қосып келесіздер. Осындай жауапкершілігі мол жұмыстарыңыз үшін үлкен алғыс білдіремін, – деді ол.
Іс-шара барысында сала қызметкерлері де көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, өз еңбектерінің еленуі – үлкен жігер беретінін атап өтті. Олар тұрғындарға сапалы қызмет көрсету және қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретіндерін жеткізді.
Жалпы, мұндай мерекелік қабылдаулар еңбек адамдарының мәртебесін арттырып қана қоймай, олардың жұмысқа деген ынтасын күшейтеді.
Коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі – көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан олардың жұмысына деген құрмет әрдайым жоғары болуы тиіс.
Алдағы уақытта да коммуналдық сала мамандары қала өмірінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жолында үздіксіз еңбек ете бермек.







