Қызылорда облысында жылыту маусымының өту барысы бақылауда

1 530

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірде жылыту маусымының өту барысы талқыланды. Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы, қала әкімі, сондай-ақ жауапты басқармалар мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Маңызды міндеттер айқындалды

Облыс әкімі жауапты кезеңді үздіксіз және қауіпсіз өткізу мақсатында бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда:

  • әлеуметтік нысандардағы жылу режимін тұрақты бақылауда ұстау;
  • тұрғын үйлер мен жеке сектордан келіп түсетін шағымдарға жедел әрекет ету үшін кезекші топтардың жұмысын күшейту;
  • жылу желілерінде туындайтын ақауларды дер кезінде жою және халыққа қолайсыздық туғызбау міндеттелді.
«Жылыту маусымының тұрақты өтуі – тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан барлық жауапты сала басшылары өз бағыттары бойынша нақты бақылау орнатып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауы тиіс», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде

Өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, жоспарланған іс-шаралар толық орындалды. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың дайындығы дер кезінде пысықталып, бүгінде барлығы штаттық режимде жұмыс жасауда.

Қызылорда облысында жылыту маусымы 8 қазанда басталған. Қазіргі таңда 1 079 әлеуметтік нысан және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 909 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылумен қамтамасыз етілген.

Тұрақты бақылауда

Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында. Арнайы құрылған мониторингтік топтар жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысын, апатты жағдайлардың алдын алу шараларын және тұрғындардан келіп түсетін өтініштердің орындалуын күнделікті қадағалап отыр.

Облыс әкімдігі өңір тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын сақтау және жылыту маусымын талапқа сай өткізу бағытындағы шараларды жалғастыруда.