2027 жылдан бастап жұмыссыздық төлемі үш айға дейін қысқарады
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемді алудың ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Сондай-ақ, төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, жұмысынан айырылған қазақстандықтар мемлекет тарапынан жұмысқа орналасуға жәрдем, кәсіби білім алу және қайта даярлау мүмкіндіктерін пайдалана алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем қарастырылған. Дегенмен мұндай төлемді алу үшін азамат алдымен ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Жұмыссыз қалған азаматтар қайда жүгінуі керек
Жұмысынан айырылған адам ең алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі тиіс. Мұны бірнеше жолмен жүзеге асыруға болады:
Тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну;
kz электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беру;
kz Электрондық еңбек биржасында тіркелу.
Тіркелу кезінде азамат өзінің білімі, кәсіби дағдылары, еңбек тәжірибесі және қандай жұмыс іздеп жүргені туралы мәліметтерді көрсетуі керек.
Мансап орталығының мамандары ұсынылған ақпарат негізінде бос жұмыс орындарын таңдауға көмектеседі. Сондай-ақ азаматқа қолжетімді мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы түсіндіреді. Егер лайықты жұмыс табылмаса және заңнамада белгіленген талаптар орындалса, азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Жұмыссыз қалғандарға қандай көмек көрсетіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, жұмыссыз азаматтарға жағдайына, білімі мен еңбек тәжірибесіне байланысты бірнеше қолдау шарасы ұсынылады.
Олардың қатарында:
Кәсіби оқыту және қайта даярлау. Азамат жаңа мамандық меңгеріп немесе бұрынғы кәсіби біліктілігін арттыра алады.
Жастар практикасы. Жастарға кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріледі.
Субсидияланатын жұмыс орындары. Белгіленген талаптарға сәйкес азаматтар мемлекеттік қолдау арқылы жұмысқа орналаса алады.
Кәсіпкерлікті қолдау. Өз ісін ашуды жоспарлаған азаматтарға тиісті бағдарламалар аясында көмек көрсетіледі.
Ерікті түрде қоныс аудару. Жұмыс табу мақсатында басқа өңірге қоныс аударуға ниетті азаматтарға белгіленген шарттарға сәйкес қолдау ұсынылады.
Қолдау шаралары әр адамның жағдайы мен тиісті бағдарламалардың талаптарына қарай жеке анықталады. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және жұмыссыз мәртебесін алған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалуы мүмкін.
Бұл төлем жаңа жұмыс іздеу кезеңінде жоғалған табыстың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Оның мөлшері соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.
2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем қалай өзгереді
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады.
Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу енгізіледі. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызынан аспауға тиіс, алайда бұл барлық жұмыссыз азамат бірдей мөлшерде ақша алады дегенді білдірмейді. Әр адамға тағайындалатын төлем оның бұрынғы табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай жеке есептеледі.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңартылған тәртібін пилоттық жоба аясында қолдану қарастырылған. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айлық ең жоғары мерзім заңнамалық деңгейде енгізіледі.
Министрлік әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарғанымен, жұмыссыз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау толық тоқтатылмайтынын түсіндірді. Мемлекеттің негізгі мақсаты – азаматтардың жаңа жұмыс табуына, кәсіби дағдыларын дамытуына және еңбек нарығына қайта оралуына жағдай жасау.
Жұмысынан айырылған қазақстандықтар тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгіне алады. Ал бос жұмыс орындары мен жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат Enbek.kz порталында қолжетімді.
Қаз
Рус






