Зейнеткердің 3 млн теңгесін алаяқтарға бергізбей құтқарған таксист марапатталуы мүмкін
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қарағанды қаласы Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері мен такси жүргізушісінің үйлесімді әрекеттерінің арқасында ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қаскөйлер 68 жастағы ауыл тұрғынынан 3 миллион теңгені жымқыруға шақ қалды. Алайда полицейлердің қырағылығы мен такси жүргізушісінің дер кезінде әрекет етуінің арқасында зейнеткер қаражатын сақтап қалды.
Өкінішке орай, бүгінде жиі кездесетін бұл оқиға әдеттегі телефон қоңырауынан басталған. Белгісіз адамдар өздерін жәбірленушінің бұрынғы әріптестері ретінде таныстырып, оның бойында алаңдаушылық тудырған. Олар шоттарын шұғыл түрде тексеруден өткізу қажеттігін айтып, әйелді асықтырған.
Кейін алаяқтар WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шыққан. Өзін банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған “Марат” есімді адам әйелді алдап, қаражатын қорғау сылтауымен оның сеніміне кірген. Осылайша алаяқтар егде жастағы әйелдің қорқынышын пайдаланып, оның депозитінде 3 миллион теңге бар екенін білген.
Алаяққа сеніп қалған зейнеткер оның барлық нұсқауын орындап, депозиттегі ақшасын түгелдей қолма-қол шешіп алған. Бұдан кейін оған ақшаны қалааралық такси арқылы Алматыға жеткізу тапсырылған. Осы мақсатта әйел сауда үйіне қарай бет алған.
Алайда дәл осы сәтте алаяқтардың жоспарын бұзған күтпеген жағдай болды. Такси жүргізушісі күмәнді әрекеттерді байқап, полицияға хабарласып, өзінің күдігін және жолаушының баратын мекенжайын жеткізген. Криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, алаяқтық схеманың келесі кезеңіне тосқауыл қойды. Нәтижесінде зейнеткердің ақшасы сақталып, оған материалдық шығын келтірілген жоқ.
Бұл оқиға интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері барған сайын күрделене түсіп жатқанын және әрдайым сақ болудың маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Әсіресе, егде жастағы адамдарға ерекше көңіл бөліп, оларды алаяқтардың айла-тәсілдерінен сақтандыру қажет.
Полицейлер банктердің, құқық қорғау органдарының немесе жұмыс берушілердің шынайы қызметкерлері мессенджерлер арқылы хабарласып, ақша аударуды не қолма-қол ақшаны біреуге беруді талап етпейтінін ескертеді. Банк шоттары мен депозиттерге қатысты мәліметтер, сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодтары – құпия ақпарат. Оларды бөгде адамдарға беруге болмайды.
Алаяқтық фактілерінің жиілеуіне байланысты полиция тұрғындарды күмәнді қоңырауларды дереу тоқтатуға, алаяқтардың арбауына түспеуге және алдау әрекеттері туралы “102” нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жедел хабарлауға шақырады.
Сонымен қатар полиция азаматтарға егде жастағы туыстарымен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, телефон арқылы және интернетте қарым-қатынас жасау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірудің маңыздылығын еске салады.
Қаз
Рус






