Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі: Бұған қосымша қанша қаржы бөлінбек
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Құрылтай депутаттары тиісті өзгерісті 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң аясында мақұлдады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ең төменгі жалақыны көтеруге келесі жылы 75,9 миллиард теңге бөлінеді. Осылайша, аталған көрсеткіш бірден 25 мың теңгеге немесе шамамен 29,4%-ға артады.
Одан бөлек, Құрылтай депутаттары президенттің халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға қосымша 114,1 миллиард теңге бөлуді де қолдады. Оның ішінде:
75,9 миллиард теңге – ең төменгі жалақыны көтеруге;
20 миллиард теңге – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға;
600 миллион теңге – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізуге;
17,6 миллиард теңге – өзге шығындарға бағытталады.
Бұдан бөлек, президенттің жекелеген тапсырмаларын орындауға тағы 101,5 миллиард теңге қарастырылған. Соның 34,5 миллиард теңгесі Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға жұмсалады. Ал 21,9 миллиард теңге шекарадағы өткізу бекеттерін жаңартуға, 16,2 миллиард теңге "Балқаш" атом электр станциясына қатысты іздестіру жұмыстарына бөлінеді.
Депутаттар өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларға қосымша 47 миллиард теңге қарастыруды да қолдады. Бұл ақша жылу, газ, электр және сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға, денсаулық сақтау нысандарына, арнайы экономикалық аймақтарға, әуе көлігі саласы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне бағытталады.
Ең төменгі жалақы соңғы рет қашан өсті?
Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы рет 2024 жылғы 1 қаңтарда көтерілген. Сол кезде оның мөлшері 70 мыңнан 85 мың теңгеге өскен еді.
Бұған дейін ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі бірнеше рет талқыланған. 2025 жылғы маусымда қаржы министрі Мәди Такиев бюджет бұл көрсеткішті шамамен 90 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін екенін айтқан. Ал сол жылдың тамызында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеру жоспарланбағанын мәлімдеген.
Қаз
Рус






