Құбырдағы судан қауіпті бактерия шықты — енді барлық ауданның суын тексеру талап етіліп отыр
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Алматының Алмалы ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен алынған су сынамасынан денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін көк іріңді таяқша анықталған. Зерттеу нәтижесінен кейін Тұтынушылар ұлттық лигасы қаладағы өзге аудандардың да ауызсу сапасын тексеруді талап етіп отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Аталған деректі Тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы тұрғыны үйіндегі судың сапасын жақсарту үшін арнайы сүзгі сатып алған. Кейін сүзгіден өткен судың қаншалықты қауіпсіз екенін тексермек болып, “НУТРИТЕСТ” ЖШС зертханасына жүгінген. Бұл – тиісті зерттеу жүргізуге рұқсаты бар аккредиттелген зертхана.
“Зертхана мамандары суды арнайы ыдыстарға жинап, барлық талапты сақтаған. Әйтпесе зертхана сынаманы қабылдамас еді. Тексеру нәтижесінде алынған екі сынамадан да Pseudomonas aeruginosa, яғни көк іріңді таяқша анықталды”, – деді Светлана Романовская.
Тұтынушылар ұлттық лигасының мәліметінше, көк іріңді таяқша адам ағзасына түскен жағдайда түрлі инфекция тудыруы мүмкін. Ол тыныс алу жолдарын, көзді, теріні және несеп шығару жолдарын зақымдайды. Сонымен қатар жараға түссе, инфекцияға себеп болуы мүмкін.
Бұл бактерия әсіресе балаларға, иммунитеті әлсіз адамдарға, отадан кейінгі науқастарға және онкологиялық аурулары бар адамдарға қауіпті. Мұндай адамдарда инфекция ауыр өтуі мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одақтың қапталған ауызсудың қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне сәйкес, 250 миллилитр суда көк іріңді таяқша мүлде болмауы керек. Бұл талап табиғи минералды суға да қатысты.
Зерттеу нәтижесін алған соң Тұтынушылар ұлттық лигасының өкілдері “Алматы су” кәсіпорнына хабарласқан. Кәсіпорын мамандары да аталған үйге барып, судан өздері сынама алған.
“Алматы судың” жауабында Әуезов көшесі, 64/4 мекенжайындағы үйге су орталық тазарту құрылыстарынан жеткізілетіні айтылған. Кәсіпорын мамандары су құбыры желісіндегі бірнеше нүктеден сынама алуға мүмкіндік алған. Сонымен қатар биыл 20 қазанда сағат 09:45-те зертхана қызметкерлері тікелей осы үйге барып, су сынамасын жинаған.
Алайда “Алматы су” өкілдері көк іріңді таяқша ішек таяқшалары тобына жатпайтынын түсіндірген. Оның үстіне бұл бактерияны анықтау қолданыстағы санитариялық талаптарда міндетті тексерілетін көрсеткіштер қатарына кірмейді. Сондықтан кәсіпорын зертханасының мұндай бактерияны анықтауға қажет аккредиттеуі жоқ.
Соған қарамастан, кәсіпорын зертханасында қолданылатын арнайы қоректік орта көк іріңді таяқшаның өсуіне мүмкіндік береді. Бірақ Әуезов көшесіндегі үйден алынған су сынамасын тексергенде бактерия анықталмаған.
“Алматы су” мәліметінше, сол күні жүргізілген химиялық және микробиологиялық зерттеулердің нәтижесі қолданыстағы гигиеналық талаптарға сай болған. Бұл талаптар Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылы 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілген.
“Алматы судың” зертханасында көк іріңді таяқшаны анықтауға арналған аккредиттеу жоқ. Мұны кәсіпорынның өзі де ресми жауабында жазған”, – деді Романовская.
Оның айтуынша, Тұтынушылар ұлттық лигасы Денсаулық сақтау министрлігіне де жүгінген. Олар ауызсуға қатысты қолданыстағы талаптарды қайта қарап, көк іріңді таяқшаны міндетті түрде тексерілетін бактериялар тізіміне қосуды ұсынған.
Егер мұндай тексеру қажет деп танылса, бірнеше мәселе шешілуі керек. Атап айтқанда, бактерияның рұқсат етілетін мөлшері немесе оған қатысты қауіп деңгейі белгіленуі тиіс. Сонымен қатар судан сынаманы қалай және қанша көлемде алу керегі, оны қай жерде және қаншалықты жиі тексеру керегі анықталуы қажет. Зертханаларға қойылатын талаптар да белгіленуі тиіс.
Баспасөз мәслихатында Романовскаядан Алматының барлық ауданындағы суды тексеру қажет пе деген сұрақ қойылды.
“Бұл өте маңызды. Өйткені суды күнделікті ішеміз, тамақ дайындауға және тұрмыстық қажеттіктерге пайдаланамыз. Сондықтан суды қайнатып ішу керек”, – деді ол.
Романовская “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңға сәйкес, әр азамат өзі ақы төлейтін тауарлар мен қызметтер туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы екенін де еске салды.
Оның сөзінше, бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Тұтынушылар ұлттық лигасы Алматының әртүрлі ауданындағы үйлерден құбыр суын алып, зертханалық тексеру жүргізуді талап етпек. Олар ескі, су құбырлары тозған үйлермен қатар, жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі судың сапасын да тексеруді көздеп отыр.
Қаз
Рус






