«Директордың күйеуі балаларды құшақтап, ұйықтатады екен»: Жекеменшік балабақшадан дау шықты
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Астанадағы балабақшалардың бірінде болған жағдай әлеуметтік желіде лезде тарап, кеңінен талқыланып кетті. Себебі, видеодан көрініп тұрғандай, балалар ойнап жүрген бөлменің қақ ортасында бөтен бір еркек жатыр. Осы көріністі WhatsApp чаттан көрген ата-ана оның не істеп жүргеніне наразылық білдіріп, оқиға туралы Threads желісінде жазды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.
Айтуынша, қызының бұл балабақшаға барып жүргеніне небәрі екі күн болған. Бұған дейін көп жыламайтын бала жаңа ортаға барғаннан кейін түнде шошып оянып, таңертең орталыққа барғысы келмей, тіпті шыңғырып жылап бастаған.
Осыдан кейін ол ата-аналарға арналған WhatsApp чатқа қосылған. Автор сол чаттағы хабарламалардың скриншотын
жариялады. Скриншотқа сүйенсек, мекемедегі бұрынғы қызметкер жеткіншектердің қараусыз жүретінін, үнемі құлап, тіпті таяқ жеп, дұрыс тамақтанбайтынын айтқан. Ал басшылар тәрбиешілерді жұмысқа жиі қабылдап, 1-2 күн жұмыс істетіп, кейін шығарып жіберетін көрінеді.
Ал бұндай ақпараттан кейін жаға ұстатарлық видео жіберген. Үш секунд ғана түсірілген видео болса да, ол жердегі көрініс әйелдің шашын тік тұрғызған. Байқағанымыздай, расымен, бір ер адам бүлдіршіндер ойнайтын бөлмеде жерде жатыр. Ал бүлдіршіндердің бірі үстіне мініп жүрсе, қалғаны айналасында ойнап отыр.
Кейін ол ер адамның мекемеде көлік жүргізуші және басшының жолдасы екені анықталды.
Бұған орталықтың басшысы аудиожазба арқылы жауап берген. Ол анасына мұнда ер мұғалімдердің де жұмыс істейтінін, олардың балаларға дене шынықтыру және каратэ сабақтарын өткізетінін түсіндірген.
Алайда ана бұл жауаппен келіспейді. Өзінің де педагог екенін айтқан ол ер адамның жаттығу өткізіп жатқанын емес, балалардың ортасында еденде жатқанын көргенін жеткізді.
Мұнан бөлек, тағы бір ата-ана Threads-те 3 жастағы баласын дәл осы ұйымға бергенін, бастапқыда бәрі жақсы болғанымен, кейін қызы апайының қолынан ұрғанын айтып, жылап келгенін жазды.
Осы жағдайдан кейін біз орталықтың басшысына байланысқа шықтық. Ол мұның барлығы жалған екенін айтты.
Ал Астана қаласы білім бөлімінің мәліметінше, бұл – биыл ғана ашылған жекеменшік балабақша. Мекеме ешқандай мемлекеттік тапсырыс алмағандықтан, тексеру жүргізе алмайды.
Қаз
Рус






