Тоқаев 2027 жылдан бастап бизнеске үш жылдық мораторий жариялау мәселесін көтерді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда, әсіресе азық-түлік өндірушілері нарыққа шығуда қиындықтарға тап болып отырғанын айтты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, импорттық тауарлардың бағасы қолдан төмендетіліп, отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалады.
Тоқаев экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға тартылған кәсіпкерлерден әлі де өтініштер түсіп жатқанын айтып, экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру шараларын қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы мұндай жағдай отандық компаниялар мен тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететінін атап өтті.
Тоқаев шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына кеңінен тарту қажеттігін айтты.
Президент сатып алу көлемінің бір бөлігін ШОБ-қа (шағын және орта бизнес) резервтеуді, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетуді және кәсіпкерлер үшін тұрақты ережелер қалыптастыруды ұсынды. Сондай-ақ айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер мен шоттарды бұғаттау арқылы бизнеске қысым жасалатынын атап өтті.
Тоқаев бизнеске салынатын айыппұл көлемі 11%-ға жуық өскенін, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқанын айтты. Осыған байланысты Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда базарларда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесі өңірге қарай әртүрлі болуы мүмкін екенін жазған едік. Жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін базалық мөлшерлеме 4% болып белгіленген. Алайда жергілікті мәслихаттарға аймақтың экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл мөлшерлемені төмендету немесе көтеру құқығы берілген.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап интернет-платформалар салық агенті ретінде жұмыс істеп, кәсіпкерлердің тауар сату және қызмет көрсетуі туралы ақпаратты салық органдарына беруге міндеттеледі.
Қаз
Рус






